Еуроодақты биологиялық тұрғыдан қорғау жоспары әзірленді

Еурокомиссия Еуроодақты биологиялық қорғау бойынша жоспарын жариялады. Бағдарламаға Одақ бюджетінен 75 миллиард еуро қаржы бөлінбек. Ол ақша коронавирустың жаңа штамдарын анықтайтын тест жасауға және дертке қарсы Вакциналар мен дәрі-дәрмектерге қатысты ақпарат алмасуға жұмсалады.

Коронавирустың жаңа штамдары әлемде тез тарап жатыр. «Осыған байланысты ЕуроОдақ дертке қарсы тұруға дайын болуы керек» деп Еурокомиссия бірқатар шараларды қолға алып жатыр. Себебі шекараны жабу арқылы вирустың бетін қайтару мүмкін емес екені індеттің бірінші толқынында түсінікті болды. Тіпті керісінше, бұл шара арқылы ортақ нарықта түйткілдер туындап, өмір сүру жағдайы қиындаған еді.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

- Індеттің кезекті толқынымен тиімді күресу үшін біз жаңа штамдарды зерттейтін арнайы жобаны қолға алдық. Оған ғалымдар мен өнеркәсіп тартылды. Бұл бізге осы қатерге қарсы тұруға көмектесуі тиіс. Одақта халықты вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Қазірге дейн 33 миллион адам егілді.

Еуроодақ «Модерна» компаниясынан 160 миллион доза вакцинаға тапсырыс беріп, Еурокомиссия қосымша тағы 150 миллион доза алу жөнінде келісімге қол қойды. Құжатқа сай Еуроодақ келесі жылы оның көлемін 150 миллион дозаға арттырады.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

- Еурокомиссия «Модерна» компаниясынан қосымша 300 миллион доза вакцина алуға келісті. Бұл жақсы жаңалық. Бірақ қазір вакцинамен алаяқтық белең алып келеді. Онымен қалай күресу керектігін одақтың тиісті органдары зерттеп,  тиісті кеңестерін беретін болады. 

Биыл жыл басталғалы «Пфайзер», «Модерна» және «АстраЗенека» компаниялары Еуроодақта келісілген мөлшерде вакцина жеткізе алмай қиындық туған. Салдарынан одақ алдын ала белгіленген 300 миллион доза вакцинаның орнына 106 миллион дана ғана алған еді. Тапшылықты жауаптылар өндіріс күшінің аздығымен түсіндірді. Енді Одақ халқының 70 процентін вакциналау жоспары тек жазда ғана жүзеге асуы мүмкін.

Тьерри Бретон, Еуроодақтың өнеркәсіп бойынша комиссары:

- Қазір «АстраЗенека» компаниясы өз зауыттарында вакцина шығару көлемін ұлғайтты. Екпенің келесі жеткізілуі 50 проценке артуы тиіс. Біз бұл бірлестік алдағы уақытта да өндіріс қуатын өсіретінне сеніміміз мол.

Брюссель коронавирустың жаңа шатамдарын зерттеу мен жаңа тесттер жасау үшін арнайы бағдарламаны қолға алды. Мақсат коронавирустың мутацияға ұшыраған түрлерін тез анықтап оған дайындалу. Тиімді препараттар дайындау үшін өзге компаниялармен ақпарат алмасу да қарастырылған. Жобаға 225 миллион еуро қаржы бөлінбек.

Авторлар: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов