Грекияда бораннан 70 мың үй жарықсыз қалды

Грекияда боран соғып, 70 мың үй жарықсыз қалды. Билік әзірге 40 мың ғимараттың электр желісін қайта жалғаған.

Коммуналдық қызмет мамандары аяз бен үскірікке қарамастан қалпына келтіру жұмыстарын тынымсыз жүргізіп жатыр. Әсіресе ел астанасының солтүстік аудандары қатты зардап шекті.

Ресми дерек бойынша Афинада 800-ден астам ағаш опырылып түскен. Салдарынан электр тоғына ғана емес, сондай-ақ су құбырларына да зақым келді. Кейбір жерде омбы қардың қалыңдығы 1 метрден асып, үйлер мен көліктерді басып қалды. Құтқару қызметіне бір күннің ішінде 2 мыңнан астам тұрғын қоңырау шалып, шұғыл көмек сұраған. Қолайсыз күн райының салдарын жоюға әскерилерді тартуға тура келді. Билік өкілдері мұндай боран соңғы 20 жылда болмаған дейді.