Германияда британдық штамм тез таралып барады

Германияда британдық штамм тез таралып жатыр. Соңғы 2 аптада коронавирустың мутацияланған түрін жұқтырғандар саны 6-дан 22 процентке өскен. Ал оңтүстік африкалық штамның қарқыны бәсеңдеу. Оған науқастардың тек 1 жарым проценті ғана шалдыққан. Штамдардың таралуына байланысты неміс билігі қандай шараларды қолға алмақ? 

Германияда коронавируспен ауырғандар азайып келеді. Көптеген аймақта 100 мың адамның 50-і ғана індет жұқтырған. Бірақ Ангела Меркель мен аймақ басшылары өткен жиналыста бұл көрсеткішті 35 адамға дейін кеміту керек деген жаңа мақсат қойды. Тіпті кейбір саясаткерлер 3 есе азайту қажет деп есептейді. Сонда музейлерді, сауда орталықтары мен сұлулық салондарын ашуға мүмкіндік туады. Алайда соңғы кездері жаңа штаммдардың кеңінен тарала бастаған. Әрбір бесінші науқас британиялық мутацияға шалдыққан. Билік 1 наурыздан тез тапсырылатын тегін тестілеу жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.

Йенс Шпан, Германияның денсаулық сақтау министрі:

- Статистикалық мәліметтер мутацияланған вирустың біздің елде өрши бастағанын көрсетіп отыр. Әсіресе Ұлыбританиядан табылған штамның қарқыны қатты. Біз осыған алаңдаймыз. Әлемнің басқа елдерінен көріп отырғанымыздай, коронавирустың жаңа түрлеріне шалдыққандар саны апта сайын еселеп артуда. Біз бәріне әзір болуымыз керек. Алайда бір қуанарлығы, Германияда жұқтырушылар саны кеміп жатыр. Яғни біз қабылдаған шаралар жемісін беруде.

Бұдан басқа үкімет Ұлыбритания, Оңтүстік Африка Республикасы мен Бразилиядан келушілерге шектеуді 1 наурызға дейін ұзартқалы отыр. Сондай-ақ індеттің алдын алу шараларының аясында вакцинаның жаңа дозалары жеткізілуі тиіс.

Йенс Шпан, Германияның денсаулық сақтау министрі:

- Қазірге дейін 6 миллион 800 мың екпе әкелінді. Алдағы аптаның аяғында тағы 10 миллион доза жеткізілмек. Яғни вакциналау науқаны қарқын алады деген сөз.

Германия Австрия мен Чехия шекарасындағы бақылауды күшейтті. Мұның зардабын көлік жүргізушілер тартуда. Жақында ғана шекара бойында 12 шақырымдық кептеліс орнады. Жүргізушілер тест нәтижесін көрсетіп, Германия аумағына кіру үшін дәлелді себеп айтуы тиіс. Бірақ бұл талапты әрбір екінші көлік иесі орындай алмай, кері қайтарылуда.

Автор: Шолпан Найманбаева