Әлем елдерінде оқу орындары біртіндеп ашыла бастады

Әлем елдерінде жабық тұрған оқу орындары біртіндеп ашыла бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Германияда келесі аптадан бастап балабақшалар жұмысқа кіріссе, Аргентинада мектеп оқушылары осы апта партаға оралды. АҚШ-та балалар ақпанның соңында оқуын офлайн жалғастырады. Шотландиядағы мектептер де жұмысын жандандырады.

Оқушылар мектеп қабырғасына оралса да, қатаң санитарлық талаптарды сақтаулары керек. Сонымен қатар мамандар «оқу орындарының толық ашылуы үшін барлық мұғалімдердің вакцина қабылдаулары тиіс» дейді.

АҚШ-тың Нью-Йорк пен өзге де өңірлерінде ақпан айының соңында мектептердегі оқу қайта жанданады. Білім ордаларына 3 ай бойы қашықтан оқып жүрген орта буын оқушылары оралмақ. Өткен жылы аймақтағы эпидахуалдың нашарлауынан барлық білім беру мекемелері жабылған болатын. Алайда халықтың жаппай наразылығынан кейін желтоқсан айында балабақшалар ашылып, бастауыш сынып оқушылары партаға қайта отырған. Жергілікті билік көп ұзамай жоғары сынып оқушылары да мектепте білім алады деп отыр. Мәселен алдағы уақытта мектеп қызметкерлеріне де екпе егілмек. Ақ үйде ұстаздардың вакцинаны алғашқылардың бірі болып қабылдағанын қалайды. Ал, балалар мен мұғалімдер апта сайын тестілеуден өтеді.

Джей Инсли, Вашингтон штатының губернаторы:

- Мектептерімізді қайта ашамыз деп шештік. Балаларымыз бұл жаңалықты қуана қабылдап отыр. Күндізгі оқу форматын ешнәрсе алмастыра алмайды. Ата-аналар да қарсы болмас деп ойлаймын. Бәрімізге де балалардың сапалы білім алғаны маңызды.

Дженнифер Псаки, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

- Президент те, вице-президент те мұғалімдерді екпе егуге мәжбүрлеп жатқан жоқ. Бұл жай ғана кеңес ретінде айтылды. Қауіпсіздік үшін олардың да вакцина қабылдағаны абзал. Тіпті медицина қызметкерлері мен тәртіп сақшылары сияқты алғашқылардың бірі болғаны дұрыс.

Шотландиядағы мектептер ақпанның 22-сі ашылады. Оқу орындарына алдымен бастауыш сынып оқушылары барады. Орта буын практикалық тапсырмаларды ғана мектепте орындайды. Екі аптадан кейін жергілікті билік тағы өзгертулер енгізеді. Болжам бойынша жоғарғы сынып оқушылары наурыздың 15-інен кейін офлайн режимге көшеді. Мамандар «бұл шектеу шаралары жеңілдетілгенін білдірмейді», дейді. Яғни тұрғындар барынша сақтанып, оқшауланып, қашықтан жұмыс істеуге тырысуы керек. Мектептердегі санитарлық ережеге де талап қатаң. Балалардың әлеуметтік арақашықтығы жіті бақыланады.

Никола Стерджен, Шотландияның бірінші министрі:

- Наурыз айының басына дейін халық оқшауланып, өз үйлерінде отырғандары дұрыс. Егде жастағы тұрғындардың тіпті сыртқа шықпағандары абзал. Ал балалардың мектепте білім алғандары өте маңызды. Оқу үрдісінің қауіпсіздігі үшін аймақтағы шектеу шаралары әлі де өз күшінде болады.

Германияда мектептер дүйсенбіден бастап біртінден ашылады. Ал, Солтүстік Рейн-Вестфалияда балабақшалар жұмысын жандандырады. Бұл туралы аймақтағы Отбасы мәселесі жөніндегі министр хабарлады. Алайда осы жолы білім беру мекемелеріндегі жұмыс уақыты әдеттегіден аз болмақ. Топтағы балалар саны да шектеулі. Дегенмен, ата-аналар мен балалардың қуанышында шек жоқ.

Ал, Түркияда мектептер 15 ақпаннан бастап қайта ашылды. Миллиондаған оқушы бірер айлық демалыстан кейін білім ордаларына қайта оралды.

Туыстас елде 18 миллионнан астам оқушы мен 1 миллион мұғалім бар екен. Қарап тұрсақ, біздің халықтың санымен тең. Осы балалардың барлығы мектепке қатынай ма? Оқушылар мен ұстаздар қандай сақтық шараларды сақтау керек?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Анадолыда бастауыш, негізгі орта және жалпы білім беруші мектептер осы дүйсенбіден бастап өз жұмысын бастады. Дегенмен, барлық сыныптар дәстүрлі білім беруге түгел көшпейді. Қазір ауылдық жерлерде орналасқан мектептер мен тек қана бастауыш сыныпты оқытатын білім ошақтары офлайн режимде білім береді. 1 наурыздан бастап мемлекеттік емтиханға кіретін 8-12 сыныптар аптасына 16-24 сағат мектепке қатынайды. Оқушылардың мектепке баруы міндетті емес. Бас тартқан оқушылар оқуын онлайн режимде жалғастырады. Арнайы мамандандырылған колледждерде білім алушылар 5 күн бойы дәстүрлі форматта оқиды. Ал, бірінші және екінші тоқсанда өтпей қалған сынақтар оқу басталғаннан кейін 2 аптаның ішінде аяқталуы тиіс. Қалған сыныптардың тағдыры эпидемологиялық жағдайдың нәтижесіне сәйкес белгілі болады. Оқушылар мен ұстаздар Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық білім беру министрлігінің қабылдаған сақтық шараларын қатаң сақтауы тиіс. Карантин талаптары, тазалық, қашықтық және маска деп үш топқа бөлінген.

Түркияда коронавирусқа қарсы халыққа жаппай екпе егу процесі басталғанына біршама уақыт болды. Мектептер де жұмысын бастады. Ел ұстаздар мен оқушыларды вакциналаудан өткізе ме? Елде эпидахуал қалай?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияда жаппай екпе егу басталғанына шамамен 1 айға жуықтады. Қазірге дейін 5 миллионнан астам кісіге вакцина салынды. Медицина қызметкерлері мен 65 жастан асқан азаматтарға екпенің бірінші дозасы берілді. Ұстаздарды вакциналау кезеңі ақпан айының соңына жоспарланып отыр. Ұлттық білім беру министрінің мәлімдеуінше, барлық мұғалімдердің тізімі денсаулық сақтау министрлігіне берілген. Бірінші кезекте дәстүрлі білім беруге қайта көшкен ұстаздарға екпе егу жоспарланған. Елдегі эпидахуалға келетін болсақ, бірер ай бұрынғы жағдайға қарағанда қауіпті індетке шалдыққандар саны едәуір төмендеген. Соңғы тәулікте 7 мыңнан астам кісі ковид жұқтырып, 86 адам көз жұмған. Жалпы елде 2 миллион 600-ден астам адам коронавируспен ауырып, оның 2 миллион 500 мыңға жуығы құлан таза айыққан.

Аргентинада да мектептер осы аптада ашылды. Коронавирус пандемиясының кесірінен балалардың партаға отырмағанына бір жыл болды. Мамандар кей балалар осыншама уақыт оқшауланғаннан кейін сыныптастарымен қарым-қатынасқа түсуіне оңай соқпағанын айтады. Компьютердің алдында алаңсыз отырған бүлдіршіндер енді мектепке кіру үшін біраз кезекте тұруы керек. Сабақ басталар алдында балалардың дене қызуы тексеріледі. Әлеуметтік арақашықтыққа да баса мән беріледі.