Израильде қарлы боран салдарынан зардап шеккендер саны көбеюде

Таяу Шығыста табиғат тосын мінез танытып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақта қарлы боран соқты. Соның салдарынан ондаған адам зардап шеккен. Төтенше жағдай мамандары табиғи апаттың алдын алып үлгермей жатыр.

Қалың қар, көктайғақ, бұрқасын. Бұл Израильдегі Жоғарғы Галилей ауданының қазіргі көрінісі. Түні бойы толассыз жауған қар кесірінен жолдар жабылған. Коммуналды мекемелер көшелерді тазалап үлгермей жатыр.

Таяу Шығыста ауа райының қолайсыздығынан Иерусалим қаласы қатты зардап шекті. Шаһар таулы аймақта орналасқан, сондықтан жолдың бәрі бір мезетте сырғанаққа айналып шыға келді. Жергілікті полицейлердің көлік қозғалысын шектеуіне тура келді.

Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккендер саны қазір өте көп. Біреу көктайғақ салдарынан жарақат алса, енді біріне ағаш пен жарнама қалқаны құлаған.

Нир Нахмад, табиғи апатпен күрес штабының жетекшісі:

- Ең басты мәселе ағаштар болып тұр. Күшті желден ондаған ағаш құлап, электр желілері үзілді. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Азаматтар мұндай суықта тоңып қалмас үшін ең алдымен электр қуаты мәселесін шешеміз.

Синоптиктердің сөзінше, аймақтағы ауа райы алдағы тәулікте жақсара қоймайды. Мамандардың болжамы бұл жолы дәл шықты. Сондықтан билік өкілдері оған алдын ала қамданып, тұрғындарға ескерту жасап үлгерді. Қазір өңірдегі порттар түгел жабық. Шағын кемелердің теңізге шығуына рұқсат жоқ. Ал бұрқасын салдарын жоюға әлі біраз уақыт керек.

Сергей Ауслендер