Өзбекстанда қауынды қыста сақтау үшін көнеден қалған технология қолданылады

Жергілікті бағбандар бақша дақылын химиялық заттар мен арнайы тоңазытқыштарды пайдаланбай-ақ, қолдан жасалған қауынханаларда сақтайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрші ағайынның технологиясы жемісті жарты жылдан артық сақтауға икемделген.

Мына қауынханаға кірсеңіз, құдды бір қиял-ғажайыпқа толы кинода жүргендейсіз. Алайда өзбектер бақша дақылын қыста тап осылай сақтайды екен.

Жасын Біркенов, тілші:

- Бір қызығы, қыс бойы тап осылай сақталған қауынның дәмі өзгермейді де, бүлінбейді де. Мұндағы ала тақиялы ағайынның айтуы бойынша, мұның дәмі көктемге қарай тәттірек болып шығады. Әрі дәрумендері көп дейді. Қазір дәмін татып көрелік.

Асқабақ тұқымдас өсімдіктің көктемге дейін бүлінбей сақталып тұруының сыры – қауынханада. Арнайы қоймалар саздан қашалып, үнемі бір температураны сақтап тұрады екен.

Санат Калантаров, Хорезм ғылыми-тәжірибелік станциясының директоры:

- Қауынхана саздан қашалғандықтан, бір температураны сақтап тұрады. Мұның іші 1, әрі кетсе 3 градус жылы. Қабырғалары қыста суық, көктемде жылу өткізбейді. Қауынды тоңазытқышта тап осылай сақтау мүмкін емес. Өйткені бақша дақылына таза ауа қажет.

Бау-бақша баптап, береке тапқан өзбек шаруалары қысқа сақтап қою үшін ең кеш піскен қауындарды таңдайды екен. Кейін оларды көлемі мен жетілуіне қарай іріктеп, артынша қамыстан өрілген арнайы торға салады. Сосын бөренелерге іліп қояды-мыс.

Санат Калантаров, Хорезм ғылыми-тәжірибелік станциясының директоры:

- Қауынхананың ішін қазан айында жиналған өніммен толтырып қоямыз. Біз ұрылмаған, ең жақсы жемісті таңдаймыз. Оларды бір-біріне тигізбей іліп қою шарт. Сонда бақша дақылы жарты жылдан артық сақталады.

Бағбандардың айтуынша, көнеден қалған бұл сақтау технологиясына 10 ғасырға жуық. Осылайша көрші ағайын қауынды жыл он екі ай жей алады. Бүгінде өзбектер бақша дақылының 400-ден астам сұрпын өсіретінін де айтып кету керек.

Ж.Біркенов және Қ.Оспан