АҚШ-та қолайсыз ауа райы вакцинаның жеткізілуін тежеді

Бүгін АҚШ-тың 19 штатында қолайсыз ауа райы тіркеліп, жолдарды көктайғақ басты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан ковид вакцинасын жеткізуде қиындықтар туындады. Бір ғана Индианада кезегі келген 43 мың амеркилаықты вакциналау кейінге қалдырылып, штат аумағындағы 80 тестілеу орталығы уақытша жұмысын тоқтатты. Ал Техас штатындағы ауа райының төмендігі рекордтық көрсеткішке жетіп, жарық беру мен жылу жүйесі істен шықты. Нәтижесінде миллиондаған тұрғын екпе салу орталықтарына жете алмай, жолдарды тазалап үйлерін жылытумен әлек. Ал мамандар екпе егу науқаны уақыт күттірмейтін шаруа дейді. Естеріңізге салайық, қазіргі уақытта 42,4 миллион америкалық вакциналанып, оның 16,4 миллионы екпенің екі дозасын алып үлгерді. Сондай-ақ АҚШ бойынша вакцинаның 73 миллион дозасы жеткізілді. Орташа есеппен күніне 1,5 млн екпенің дозасы егіледі.

Серджио Кастелланос, Остиндегі Техас университетінің профессоры:

– Ковид пандемиясының ортасында осындай қиындықтарға тап болуымыз өкінішті-ақ. Температураның бірден түсіп кетуі тұрғындардың жылу беру құрылғыларын жаппай қолдануға алып келді. Сұраныс қатты көтерілді. Ал бұл өз кезегінде жылу және жарық беру жүйелерін істен шығарды. Жылу жүйесіндегі кемшіліктер мен жарықтың өшірілуі – бұрыннан келе жатқан проблемалар. Болашақта да қайталануы әбден мүмкін деп ойлаймын.