Вакциналардың коронавируске қарсы тұруы азайып барады

Көптеген елде қолданысқа енгізілген «Pfizer мен BioNTech» және «Moderna» компанияларының дәрісі Оңтүстік Африкада шыққан штамға қарсы тиімділігі төмен екені анықталды. Техас университетінің ғалымдары осындай шешімге келген.

Мамандардың айтуынша, «Пфайзер» вакцинасы оңтүстік африкалық штамға қарсы антиденелерді әдеттегі Ковид-19 ауруымен салыстырғанда аз бөледі. Ал «Модерна» препаратының тиімділігі одан да төмен. «Pfizer мен BioNTech» өндірушілері болса, бұл шешімдердің барлығы зертхана жұмыстарының нәтижесінде жасалып отырғанын айтып, іс жүзінде еш дәлел жоқ екенін алға тартады. Бірақ қол қуысырып отырған жоқ. Өндіруші компаниялар вакцинаның жаңа түрлерін шығару үшін білек сыбана кірісіп кетті.

Питер Хотес, вакцина бойынша сарапшы:

- Вирустың зиянды әсерін жою үшін бөлінетін антиденелердің саны әлі де болса жоғары. «Модерна» вакцинасының оңтүстік африкалық штамға қарсы бөлетін антиденелері 6 есеге кем болса да дәрінің пайдасы зор.

Таяуда Оңтүстік Африка Республикасы AstraZeneca препаратының миллиондаған дозасынан бас тартқан болатын. Оған оңтүстік офрикалық және британ ғалымдарының жүргізген зерттеуі себеп.

Зерттеуге сәйкес, AstraZeneca-ның аймақтағы жаңа штамға қарсы пайдасы дәлелденбеген еді. Осыдан кейін аймақта Джонсон энд Джонсон вакцинасы егіле бастады.

Осы AstraZeneca препаратынан Оңтүстік Корея билігі де бас тартты. Мамандар Оксфорд университеті шығарған дәрінің тиімділігі дәлелденбесе, 65 жастан асқан адамдарға екпейміз деген тоқтамға келді.

Естеріңізде болса, бұған дейін неміс ғалымдары «препаратты егде жастағыларға салмаған жөн» деген ұсыныс білдірген еді.

Хонг Ву Вон, Сеул тұрғыны:

- Вакцинаны қабылдағым келмейді. Әлі де болса сенімсіздік бар. Екі үш айдан кейін ғана екпе егуім мүмкін. Оның оң нәтижесіне көз жеткізген соң ғана шешім қабылдаймын.

Алпауыт фармацевтикалық компаниялардың өнімін көптеген мамандар қолдап отыр. Дегенмен, препараттардың тиімділігі әлі де өзгеруі мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

Айтуынша, бұл өзгерістер инфекцияның қаншалықты мутацияға ушырауына байланысты болмақ. Десе де, вакцина қабылдаған адам коронавирустан қорғалатынына бек сенімді. 

Питер Инглиш, жұқпалы аурулармен күрес жөнінде кеңесші:

- Әрине «вакцина ауруды толық тоқтата алады» деп ешкім де айта алмайды. Қолда бар ақпарат жеткіліксіз.  Бұған көз жеткізуіміз үшін әлі біраз күтуіміз керек. Бәлкім күзге қарай Оңтүстік Африкалық және басқа да штамдарға қарсы жаңа дәрі шығуы мүмкін. Вакцинаның тиімсіздігін айтып, халықты қорқытқан дұрыс емес. АстраЗенека препаратының ауыр дертке қарсы пайдасы бар екенін барлығымыз білеміз. Бұның өзі жеткілікті деп ойлаймын.   

«Екпенің тиімділігі 95%-тен 85-90%-ке дейін төмендеуі әбден мүмкін. Алайда вакцинаның тиімділігі төмендесе де оның пайдасы мүлдем жоқ деп айта алмаймыз».

                                                                                                                                                              Эмма Ходкрофт, сарапшы /Берн Университеті/

Бүгінде өзгеріске ұшыраған коронавирустың БРАЗИЛИЯЛЫҚ, БРИТАНДЫҚ ЖӘНЕ ОҢТҮСТІК АФРИКАЛЫҚ түрлері ең қауіптісі болып саналады. Мәселен, дәл осы түрлері басқаларына қарағанда өте жылдам тарайды.

Сондай-ақ...