Өзбекстанның туризм саласы $1 млрд табыстан қағылды

Іргедегі көршілер туризмді жандандырып жатыр.

Өзбек билігі тұралап қалған саланы аяққа тұрғызып, дамыту үшін қазақстандық турбизнеспен бірігіп жұмыс істемек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен Хорезм облысының әкімдігі бірлескен турлар ұйымдастыруды ұсынып отыр. Өзбекстандағы меншікті тілшіміз Жасын Біркенов комбитурдың тиімді тұстарын саралап көрді.

Жасын Біркенов, тілші:

- Өзбек билігі пандемияның салдарынан әбден тұралап қалған туризм қашан ес жияды деп бас қатырып жүр. Былтыр ала тақиялы ағайын елге 8 млн турист келеді деп күткен. Алайда саяхаттанушылардың саны 1,5 млн-ға әрең жетті. Осылайша, коронавирустың кесірінен іргедегі көршілер 1 млрд доллар табыстан қағылды.

1 млрд доллардың 30%-і Хиуа қаласына тиесілі. Өйткені көне шаһар – туристік әлеуеті зор Өзбекстандағы үш шаһардың бірі. Хорезм облысына 2019 жылы 2,5 млн астам турист келсе, пандемиядан кейін саяхатшылар саны 300 мыңға әрең жетті.

Темурбек Анварбеков, Хиуа қаласы әкімінің орынбасары:

- Былтыр коронавирус індеті өршіп тұрған кезде Хиуада тірі жан болмады. Шетелден де, ел ішіндегі басқа қаладан да туристер келген жоқ. Бұл біздің қаланың экономикасына қатты соқты. Өйткені туризм – шаһар экономикасының драйвері.

Қазір жергілікті билік облыс туризмін жандардыруды көздеп отыр. Ол үшін қазақстандық турбизнеспен қоян-қолтық жұмыс істеуге ниетті. Бұл орайда көрші ағайын бірлесе тур ұйымдастыруды ұсынды. Өйткені біздің азаматтар Өзбекстанға ең көп саяхаттап келетін шетелдіктер қатарында.

Раушан Шәміл, Қазақстан туризм индустриясы қауымдастығының төрайымы:

- Қазақстан азаматтарын Хорезмге, Хорезм азаматтарын Қазақстанға тартсақ па деген ой бар. Өзбектерге біздің қысымыз ұнайды. Шымбұлағымыз ұнайды. Біздің көрсететініміз – Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Қайынды. Бұлар үшін бұл ерекше, қызық нәрсе болайын деп тұр.

«Карантин талаптары жеңілдегеннен кейін Хорезм орталығы Үргеніш қаласынан Ақтауға тікелей әуе рейстері ашылады», - дейді өзбек билігі. Жалпы іргедегі көршілер биыл 1,7 млн шетелдік турист қабылдауға қамданып жатыр.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан