Украинада ұлттық бала асырап алу 40%-ке дейін төмендеді

Украинада бала асырап алу көрсеткіші 40%-ке дейін төмендеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған карантиндік шектеу шараларынан бөлек, қызметін өте баяу атқаратын сот жұмысы да кері әсерін тигізіп отыр. «Жалпы осы саладағы құқықтық базаны күшейту керек», - дейді қоғам белсенділері.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Украинада жыл сайын шамамен 400 ден астам баладан анасы бас тартады екен. Статистикаға сай, балалар үйі мен интернаттарда 100 мыңға жуық бала бар, олардың 5%-і заң бойынша асырап алуға жататын тұл жетімектер. «Соңғы жеті жылда шет ел емес, дәл украиналықтардың ұлттық бала асырап алу ісі мүлдем алға баспай тұр», - дейді 2010 жылы Отбасы, жастар және спорт министрінің орынбасары қызметін атқарған маман Людмила Волынец. Оған елдегі сот ісі мен осы саладағы бірқатар реформаның жүйесіздігі тікелей салқынын тигізген. Сәйкесінше, 2020 жылы елде 1419 бала асырап алынған, бұл өткен 2019 жылмен салыстырғанда 40%-ке төмен.

Людмила Волынец, Жалпыукраиналық «Балаларды қорғау қызметі» қоғамдық ұйымның тең төрайымы:

- Бала асырап алу ісін жандандыру үшін ең алғашқы міндет – осы саладағы реформаларды бір-бірімен өзара үйлестіру. Оның ішінде сот, орталықсыздандыру, бала асырап алу, білім беру өзара байланысты болуы шарт. Бір қолдың саласындай жұмыс істегенде ғана нәтиже болады

«Бала асырап алу ісін алға жылжытпайтын мәселенің ең үлкені – сот жүйесінде», дегендіқайырымдылық қордың төрағасы Леонид Лебедев те атап өтті. Леонид жетекшілік ететін  қайырымдылық қоры елдегі жетімектердің санын азайту жолында қыруар жұмыс атқарып келеді. Атап айтқанда, әр бала туралы 1,5 минуттық видео түсіріліп, бейнебаян қайырымдылық қоры және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында жарияланады. Осылайша, алты жылда 5 мыңға жуық видеоанкета жасалған, мыңға жуық баланы украиналықтар осы қордың көмегімен асырап алған.

Леонид Лебедев, қайырымдылық қордың жетекшісі:

- Мысалы, Украинада бала асырап алу туралы құжаттарды жинап, сотқа тапсырғаннан кейін де, бір жыл күтуге тура келеді. Бұл ата-анасын сарыла күтіп жүрген интернаттағы бала үшін оңай емес. Барлық құжат дайын болса, сот шешімін 8, 10 ай күту ұзақ, соттың одан аз уақыт көлемінде қарап бергенін дұрыс деп есептеймін. Осы ретте құқықтық базаға өзгерістер енгізу қажет.

Елде жарияланған карантин салдарынан да ұлттық бала асырап алу ісінде қазір үлкен үзіліс. Елде соттың жетіспеушілігі бір бөлек, сот қабылданған шешім карантин кезінде күшіне енбейді. Сондай-ақ бүгінде Украинада бала құқығын қорғаумен айналысуы тиіс мемлекеттік қызметкер тапшылығы байқалады. Мәселен, 4 мың балаға бір әлеуметтік қызметкерден, 7 мың балаға бір ғана ювеналды полицейден келеді екен.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко