Украина Еуропаның толыққанды мүшесі емес – Зеленский

Украинада коронавирус төңірегіндегі ахуал оңалар емес.

Өткен тәуліктің өзінде қауіпті вирус 7 мыңға жуық адамнан анықталған. Күн сайын емханаға екі мыңнан астам науқас түсіп, жүзге жуығы қайтыс болады. 

Билік вакцинаға қол жеткізе алмай отыр. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай жағдайға бюрократия мен логистиканың кедергі келтіріп отырғанын айтып ақталуда.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Еуропаның дамыған елдерінде халықты вакциналау науқаны қазір қарқынды жүріп жатқанымен, ковидке қарсы екпе Украинаға әлі жеткен жоқ. Осы жағдай Украина Еуропаның толыққанды мүшесі емес екенін анық көрсетіп берді деді Зеленский америкалық телеарнаға берген сұхбаты кезінде. Бүгін Украинаның денсаулық сақтау министрі екпе мәселесін шешу үшін Үндістанға ұшты.

Үндістанға сапары кезінде Степанов COVID вакцинасын Украинаға жіберуді бақылайтын болады. Әлемдегі ең ірі екпе өндірушісі - «Serum Institute of India» биотехникалық және фармацевтикалық компаниямен келіссөз жүргізілмек. Максим Степановтың желідегі ресми парақшасында: Басты міндет – келісімшарт бойынша жеткізілуі тиіс 12 млн дозадан бөлек, қосымша екпені тасымалдау үшін компаниямен тікелей келісім жасауды көздейміз деп жазды. Өндіруші компаниямен келісімшарт бойынша, AstraZeneca вакцинасының 500 мың дозасы Украинаға осы айдың аяғына дейін жеткізілуі тиіс.

БЛИЦ:

- Жемқорлық, ешкім жөнді қадағаламайды. Еуропа елдерінде екпеге бөлінген бюджет толық игерілді, бізде ковид фондынан бөлінген қаражат жол жөндеуге жұмсалып кетті.

- Америка, Канада басқа да елдерден сатып алмай, Украина екпені өзі өндіру қажет деп есептеймін.

- Менің ойымша, нарыққа әлі де сапалы вакцина келген жоқ, сондықтан ешқайда асықпай, дұрыс вакцинаны күткеніміз жөн шығар.

 Аида Қыдырбай, тілші:

- Осылайша елде екпе мәселесі қызу талқыға түсіп отыр. Украинаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы: Денсаулық сақтау министрлігіндегі шенеуніктерге вакцинаға бөлінген ақшаны жымқырды деп айып тағуда. Өз кезегінде министр епкені елге дер кезінде жеткізуде бюррократия мен логистика кедергі екенін айтып ақталуда. Дей тұрғанмен, Украинада коронавирустың таралуы әлі де тыйылмай тұр. Бір тәулікте вирус жұқтырғандар 7 мың адамға жуықтады, әсіресе Украинаның батысындағы Ивано-Франковск аймағындағы ахуал нашар, мұндағы аурухана науқасқа лық толы, эпидемологиялық жағдайдың ушығуына байланысты облыста «қызыл деңгей» режимі енгізілген. Жалпы шартты карантин Украинада 24 ақпаннан 30 сәуірге дейін жалғасады.

Авторлары:Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Сондай-ақ...