Берлинде 500-ден астам такси жүргізушісі орталық көшелерді бөгеп тастады

Германия астанасында 500-ден астам такси жүргізушісі өздерінің қызмет көлігімен сап түзеп, Берлиннің орталық көшелерін бөгеп тастады.

Наразылық шарасынан Берлинде көлік кептелісі пайда болып, тұрғындарға қолайсыздық туғызды. Ал такси жүргізушілерінің мұндай қадамға баруына Убер қызметі түрткі болған. Себебі такси жүргізушілері кәсіпқой маман ретінде лицензия мен сақтандыруға едәуір салық төлейді. Ал Убер мұндай алымдардан босатылған. Соның салдарынан онсыз да коронавирус кезінде кірісі азайған такси жүргізушілері көп зардап шеккен. Сондықтан шерушілер биліктен барлығына бірдей ереже енгізіп, әділетті бәсекелестік орнағанын қалайды. 

Измаил, такси жүргізушісі:

- Біз Уберге қарсы емеспіз. Себебі бізде еркін нарық қой. Бірақ олар салық төлеуден босатылғандықтан тәртіп сақтамайды. Мұндай бәсекелестік біздің кәсібімізге көп нұқсан келтіріп жатыр. Сондықтан билік мәселені шешу керек.

Бюлент, такси жүргізушісі:

- Убер бақыланбайтын күш емес, жай фирма. Ол да біз сияқты осы бизнестегі ережеге бағынуы тиіс. Германияда мұндай әділетсіздікке жол берілмеу керек.