Техас табиғи апат аймағы болып жарияланды

АҚШ Президенті Джо Байден қалың қар мен аяздан жапа шеккен Техас штатын табиғи апат аймағы деп жариялады.

Штатта аяздың беті қайтқанмен 13 миллиондай адам әлі ауыз сусыз отыр. 80 мыңнан аса тұрғын жарықсыз қалған. Қолайсыз ауа райынан бір апта ішінде 60-қа жуық адам опат болды.

Күн күрт суытқанда адамдардың азық-түлікті жаппай сатып алуынан дүкен сөрелері қаңырап қалған. Оңтүстіктегі Теннеси мен Миссисипи штатында да осындай жағдай. Билік табиғат апатынан жапа шеккендерге көмек көрсетілетінін айтады.

Еске сала кетейік, өткен аптада АҚШ-тың әдетте қысы жылы оңтүстік штаттарында боран соғып, сақылдаған сары аяз басталған еді.