Бельгияда вирустың таралуы бәсеңдеді

Бельгияда коронавирустың таралуы бәсеңдеді. Корольдікте вирусты жұқтырғандар азайып, ауруханаларда науқастар қарасы бірнеше есе төмендеген. Бірақ жансақтау бөлімдеріндегі ахуал аса жақсара қоймаған.

Бельгияда соңғы бірнеше күнде 3 мың 400-ден астам адам вирус жұқтырған. Бұл өткен жылғы қараша айымен салыстырғанда едәуір төмен. Мысалы, дертті жұқтыру көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 20 процентке азайыпты. Өлім-жітім де бәсеңдеп жатыр. 

Ив Ван Лаэтем, Бельгияның індетпен күрес жөніндегі орталығының ресми өкілі:

- Елде індеттің бәсеңдеуі мектептер мен дүкендердің ашылу кезінде тіркеліп отыр. Алда көктем келе жатыр, оған қоса халықты вакциналауға байланысты жағдай бұдан бетер жақасарады деген үміттеміз. Бірақ санитарлық шараларды сақтауды жалғастыра берген жөн. Біз мұның жемінісін алда көреміз деп ойлаймын.

Бельгияда коронавируске қарсы алғашқы дозаны 385 мың адам алды. Бұл халықтың 4 проценті. Екінші доза 245 мың адамға салынған. Нәтижесінде елде ауруханаларға түскен науқастардың қарасы күніне 120-ға азайған. Әсіресе қарттар үйінде вирусты жұқтыру бәсеңдеді. Мысалы, желтоқсан айында ауруханалардағы қариялар саны 20 проценті құраса, қазір ол 8 процентке түскен.

Сюзанн Мюллер, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Үкіметтің індетке қарсы жүргізіп жатқан шаралары орынды деп ойлаймын. Біз өткен жылы болған жағдайдың қайталануына жол бермеуіміз қажет. Санитарлық сақтық шаралар мен вакциналау арқылы көп ұзамай қалыпты өмірге тез оралатын шығармыз. 

Ал билік барлық адамдарға вакцинанынң екі дозасы салынатынын айтады. Тіпті дерттен жазылып шыққан тұрғындарға да екпе салу қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, әлемде жаңа штамдар таралып жатқандықтан мұндай шара қажет.

Авторлар: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов