COVID-19: Қытайда 16 вакцина клиникалық сынақтан өтуде

Қытайда ай күнтізбесі өткен жаңа жыл мерекесі аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, мереке күндері мейрамханаларға түскен кіріс пандемияға дейінгі 2019 жылдағымен салыстырғанда 5 процентке артқан. Ал мобильді интернеттің қолданылуы 3,5 млн террабайтқа артты. Жылдың басты мерекесіне қарамастан Қытайдағы вакцинация науқаны үздіксіз жүріп жатты. Сонымен қатар қазір бұл елде оннан астам вакцина клиникалық сынақтап өтіп жатыр.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

– Қазіргі кезде Қытайда 16 вакцина клиникалық сынақтан өтуде. Олардың алтауы зерттеудің соңғы сатысында, яғни үшінші фазасында. Жергілікті билік екі препаратты қолданысқа енгізу туралы шешім қабылдады. Соның бірі – «Синофарм» компаниясының өнімі. Зерттеу нәтижесі бойынша дәрінің тиімділігі 79 процентті құрайды. Ал екінші препаратты «Синовак» компаниясы шығарады. Оның 40 млн 500 мың дозасы жергілікті халыққа егілген. Сонымен қатар Қытай өз вакцинасын шет елдерге де шығаруда. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, дамыған 8 мемлекет қытайлық препаратты егіп үлгерген. Алдағы уақытта да Қытай вакцина өндірісін ұлғайта түсуді ойлайды. Жоспар бойынша биыл 2 млрд доза өндірілсе, 2022 жылдың соңына қарай бұл көлем екі есеге артуы мүмкін. Сондай-ақ жергілікті сарапшылар қытайлық вакцина вирустың жаңа штамына қарсы тұра алатынын зор сеніммен айтып отыр. 

Ван Гуйцян, профессор:

- «Синофарм» компаниясының өндірген вакцинасы зерттеуден өткеннен кейін дәрінің мутацияға ұшыраған британиялық және бразилиялық штамға қарсы тиімділігі дәлелденді. Зерттеу нәтижесі бойынша антиденелердің азайғаны байқалмады. Яғни екпенің пайдасы зор. Көрсеткіш төмендеген жоқ. Бұл –  зертханада жасалынған зерттеу нәтижесі.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Сарапшылардың пікірінше, вакцинаның тиімділігіне қарамастан халық маска тағу, жеке бас гигиенасы мен әлеуметтік ара қашықтық сияқты санитарлық талаптарды әлі де бұлжытпай орындау керек. Бейжіңде вакцинация науқаны мамырда аяқталады деп жоспарланып отыр. Екпе егу үшін шетел азаматтарынан басқа жергілікті халық алдын ала онлайн жазыла алады. Қазір енді жаңажылдық демалыс күндер аяқталды. Биыл халықтың сапарға шығуы 2019 жылмен салыстырғанда 80 процентке қысқарған. Алайда елдегі саяхаттау маусымы наурыздың 8-іне дейін жалғасады. Әзірге ел ішінде тіркеліп жатқан жаңа науқастардың саны анықталып жатқан жоқ. Тіпті елде қызыл және сары деп танылған қауіпті аймақтардың қатары азайды. Десе де ел астанасына келу үшін ПТР тест нәтижесі болу шарт. Мұндай талап наурыздың 15-іне дейін сақталады. Мәселен, алдағы айдың басында Қытай Парламентінің кезекті сессиясы басталатындықтан, аймақтағы сақтық шараларға қатаң мән беріліп отыр. 

Ботагөз Сырғабаева