АҚШ-та аяз кезінде көз жұмған баланың отбасы сотқа жүгінді

Техас штатында аяз кезінде көз жұмған 11 жастағы баланың отбасы жергілікті энергетикалық компанияны сотқа беріп, 100 миллион доллар өтемақы талап етіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдын ала мәлімет бойынша, бала үйінде жылудың өшуінен, үсіп өлген. Десе де қазасының нақты себебі әлі ресми түрде жария етілген жоқ. Арызданушы тараптың айтуынша, компания күннің күрт суытатыны жайлы алдын ала білген. Алайда электр энергиясының өшірілуін болдырмау үшін ештеңе істемеген.

Айта кеткен жөн, өткен аптада Техаста қарлы боран соғып, салдарынан күн қатты суытқан. Салдарынан 20 адам көз жұмды. Жергілікті құбырлар аязға шыдас бермей, жүз мыңдаған тұрғын сусыз, миллиондағаны жарықсыз қалған еді. Қазір үйлердің көбінде электр энергиясы қалпына келтірілген. Десе де 30 мыңдай үйде әлі жарық жоқ. Президент өңірге ең қажетті тауарларды жіберіп, осы аптада штатқа барып қайтатынын жеткізді.