Әлемде экологиялық ахуал ушығып тұр

Израиль жағалауына ондаған тонна мазут төгілді. Салдарынан тасбақалар, балықтар мен құстар қырылып жатыр. Олардың арасында Қызыл кітапқа енген түрлері де бар.

Алдын ала мәлімет бойынша оқиға 11 ақпанда болған. Дауыл кезінде кемелердің бірінен мазут төгіліп кеткен. Бұл ел тарихындағы ең ірі экологиялық апат, дейді мамандар. Сондықтан оның салдары мен зардабын жоюға біраз жыл керек. Қазір тазарту жұмыстарына волонтерлер да атсалысып жатыр.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Барлық кемелер отын ретінде газды қолдану керек. Өйткені мұнай өнімдері қоршаған ортаны ластайды. Егер біздің бастамамызға басқа елдер де қосылса, алдағы бірнеше жыл ішінде айтарлықтай жетістікке жетер едік.

Сербиядағы өзен-көлдер тұрмыстық қалдықтан көз ашпай тұр. Бұл аталған ел үшін жылдар бойы жалғасып келе жатқан мәселе. Қыс түссе болды қоқыс орындарын су басып, тұрмыстық қалдықтар суға кетеді. Сөйтіп, оның бәрі су электр станциясындағы бөгеттің түбіне жиналып қалады.

Экологтардың айтуынша, мұндай жағдай экожүйеге орасан зор зиян тигізіп отыр. Сондықтан табиғатқа жаны ашитын мамандар суды қоқыстан тазарту ісін қолға алыпты. Бірақ бұл іс бірнеше аптаға созылуы мүмкін.

Айта кетейік, дәл осындай проблемаға Сербиядан бөлек Черногория мен Босния елдері де тап болып отыр.

Синиса Лакович, экобелсенді:

- Бұл өте күрделі мәселе. Көлдегі балық саны жыл сайын азайып барады. Өйткені су сапасы төмендеп жатыр. Сондықтан осы бір проблемаға баса назар аударып, оны шешуге кірісуіміз қажет.

Ал Кипрдегі Ларнака тұзды көлінде қыстауға келген қоқиқаздар қырылып жатыр. Жыл сайын жаңбырлы маусым басталғанда ұшып келетін құстардың өлімі жергілікті халықты алаңдатып отыр. Мамандардың айтуынша, 100-ге жуық қоқиқаздың қырылуына судағы қорғасын түйіршіктері себеп болған. Ал көлде қорғасын қайдан пайда болды деген сұраққа келер болсақ, ол аңшылар атқан оқтың қалдықтары болып шықты. Қоқиқаздар оны өздері қоректенетін малта таспен шатастырып, жеп қоятын көрінеді. Осыған байланысты жергілікті белсенділер билік өкілдерін көлдегі аңшылыққа тыйым салуға шақырып отыр.

Мартин Хелликар, экобелсенді:

- Көл маңында аңшылыққа рұқсат етілген. Бұл үлкен проблема. Мұндай жағдайды браконьерлер де өз пиғылы үшін қолданып қалуға тырысады. Сондықтан біз осы аймақта аңшылыққа рұқсат етілмеуін талап етеміз.

Табиғат пен қоғам арасындағы проблемалар бүгінде тек жекелеген елдерді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатады. Өйткені күн өткен сайын табиғаттың қадірін білмей барамыз. Қамқорлық азайып, қиянат көбейген. Осыған байланысты Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш қоршаған ортаның тазалығына көп көңіл бөлу керек дейді. Оның айтуынша, мемлекеттер қазбалы отыннан бас тарту арқылы ауаға кететін улы заттарды азайтуға тиіс. Сол себепті 2040 жылға қарай көмірден біржолата бас тартып, экологиялық таза энергия көздеріне көшу міндеті тұр.