417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Дүние жүзінде вакцина салдырған адам саны 200 миллионнан асты

  • 64
  • UPD: 21:23, 22.02.2021

АҚШ-та ковидтен көз жұмғандар қатары 500 мыңға таяп қалды. Бұл осы елдегі 3 қырғында өлген адам санынан көп цифр.  Ардагерлер ісі жөніндегі министрліктің мәліметі бойынша, Құрама Штаттар Бірінші дүниежүзілік соғыста 53 мың, Екінші дүниежүзілік қырғында 391 мың, ал Вьетнамдағы соғыста 47 мың сарбазынан айырылған. 

Әлемде коронавируске қарсы екпе алғандар 200 миллионнан асты.

«Блумберг» агенттігінің мәліметінше, вакциналау қарқын ала бермек. Қазір күніне шамамен 6 миллион доза салынады. Сондай-ақ Вашингтон Университетінің ғалымдары ковидтің жеңіл түрімен ауырып, жазылғандардың 30 проценті бірнеше айдан кейін індетті қайта жұқтыруы мүмкін екенін ескертті. Сондықтан мамандар еш босаңсымауға кеңес береді. Қазір АҚШ-та коронавирустан қайтыс болғандардың көбейгені сонша әрқайсысын жеке жерлеуге орын табылмай жатыр. Мамандар біраз құрбанды бірге жерлеуге мәжбүр болдық дейді.

Джонатан Полк, мәйітхана директоры:

- Мәйіт әкелген біраз отбасыны қайтарып жібердік. Себебі бізде мүлде орын жоқ. Осы жұмысты атқарып, өліммен бірге өмір сүріп келе жатқаныма 20 жылдан асты. Кейде қорқынышты фильмнің ішінде жүргендей боламын.

Ал Нигерияда ауруханаларда орын жоқ. Дәрігерлер науқастарды қабылдай алмай, үйінде емдеуге мәжбүр. Ел басына күн туғанда жеке емдейтін мекемелердің саудасы қызғандай. Науқасқа үйінде қарау құны 260-тан 13 мың долларға дейін бағалануда.

Жаңа Зеландиядағы жағдай жақсарды. Бұл елде 5 тұрғыннан коронавирус анықталғаны үшін ең ірі Окленд қаласын 3 күнге карантинге жапқан болатын. Содан бері 72 мың тест алынып, індеттің беті қайтқаны расталып отыр. Бірақ бәрібір көп адам болып жиналуға болмайды.

Ал Франциядағы Ницца қаласының тұрғындарын локдаун күтіп тұр. Соңғы мәлімет бойынша мұнда әр 100 мың тұрғынның 700-інен коронавирус анықтала бастаған. Бұл бүкіл Франциядағы көрсеткіштен 3 есе жоғары. Билік қазір коменданттық сағат немесе өзін өзі оқшаулау міндетін қарастырып жатыр.

Габриэль Атталь, Франция үкіметінің өкілі:

- Ницца аймағында қиын жағдай қалыптасып отыр. Өңірдегі ахуал ұлттық деңгейде алаңдаушылық туғызып отыр. Әзірге қандай формада шектеу енгізетінімізді талқылап жатырмыз. Нақтысын бүгін-ертең жариялап қалармыз.

Израиль де әліптің артын бағып отыр. Билік әне-міне ашылуы тиіс болған шекараны 6 наурызға дейін жабық ұстауға шешім қабылдады. Себебі Ковид-19 мутацияларынан әлі де қауіп жоғары.

Хабар 24 телеарнасы