Әлем елдерінде мектептер қайта ашыла бастады

Әлем елдері шектеу шараларын жеңілдетіп, мектептер қайта ашыла бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың қатарында, Германия, Австралия мен Шотландия бар. Ал Англия мектептері келер айдың басында ашылады.

Бір айта кетерлігі, білім беру мекемелері барлық елде бірдей ашылып жатқан жоқ. Дәстүрлі оқу форматына жете алмай жатқандар да бар.

Германияда 16 өңірдің 10-нында мектептер мен балабақшалар қайта ашылды. Бірақ білім беру мекемелері сақтық талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Үнемі маска тағып, санитайзерлерді қолдану міндетті. Сыныптағы парталар арасы кемінде 1,5 метр болады. Дәліздерде тек біржақты қозғалыс қарастырылған. Осындай талаптарға қарамастан, мектептің қайта ашылғанына ата-аналар мен мұғалімдер қуанып жатыр.

Аня Несслинг, бастауыш мектеп мұғалімі:

– Оқушылармен қайта қауышқаныма қуаныштымын. Балалар ұзақ уақыт үйде отырды. Бұл бір жағынан ата-аналар үшін қиынға соқты. Оқушылармен мектеп қабырғасында қайта кездескенімізге ризамыз.

Бүгінде Германияның білім беру саласында 1 миллионнан астам адам қызмет етеді. Олар вакциналау бойынша басымдық берілетін топқа жатады. Сондықтан әр мұғалім өз қалауынша коронавирусқа қарсы екпе салдыра алады. Педагогтарға аптасына екі рет ковидке қарсы тестілеуден өту мүмкіндігі берілген.

Жуырда шотландиялық оқушылар да қайтадан партаға отырды. Бірақ бәрі емес. Мектеп қабырғасына алдымен бастауыш сынып балалары оралады. Бір айдан соң жоғарғы сынып оқушылары да дәстүрлі оқу форматында білім ала бастайды. Ал Англияда тұратын балалар офлайн режимге тек келесі айдың 8-інде көшеді.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Екі аптадан кейін мектеп, колледж және университетте білім алатын азаматтардың бәрі дәстүрлі оқу форматына көшеді. Бірақ сақтық мақсатында олар аптасына екі мәрте ковидке қарсы тестілеуден өтуге міндеттеледі.

Австралияның Квинсленд штатындағы университеттер де офлайн оқуға көшті. Бірақ дәрістер санитарлық талаптарға сай өтуі керек. Яғни аудиториядағы студенттер саны шектеулі болады. Оған қоса, білім алушылар маска тағып отыруға міндетті.

БЛИЦ:

– Университетке оралғаныма өте қуаныштымын. Өйткені химияны онлайн оқу өте қиын. Әсіресе соңғы курста. Ал аудиторияда отырғанның бір артықшылығы, түсінбегеніңді бірден мұғалімнен не болмаса жаныңдағы студенттен сұрауға болады.

Ал Лос-Анджелес қаласында ата-аналар ереуіл өткізді. Шараға тіпті оқушылар да қатысқан. Бәрінің айтары бір. Олар мектептердің қайта ашылуын талап етіп отыр. Жиналған жұрт онлайн сабақтан шаршағанын айтады. Жуырда жергілікті денсаулық сақтау департаменті өңірде эпидемиологиялық ахуалдың жақсарғанын жария еткен. Қазір 100 мың тұрғынға шаққандағы деректер саны 25-ке дейін төмендеген. Бұл көрсеткіш мектептердің қайта ашылуына жеткілікті. Алайда билік балалардың партаға қайта отыруы үшін мұғалімдердің барлығы вакцина салдыру керек дейді. Бірақ білім беру саласының қызметкерлері қашан екпе алатыны белгісіз.

БЛИЦ:

– Біз мектепке оралғымыз келеді. Қазір эпидемиологиялық ахуал жақсарды. Бірақ биліктің мектептерді неге ашпай отырғаны түсініксіз. Мұғалімдердің кінәсі қанша? Олар сабақты түсіндіруге барын салады. Алайда олар экранның ар жағында, біз мына жағында отырамыз. Қанша дегенмен жаңа материалды түсіну қиын.

– Балалар үйде отырып, мезі болды. Күйзеліске ұшырап жатыр. Білім беру сапасы төмендеп, оқушылардың үлгерімі нашарлап барады. Сол үшін мектептерді қайта ашуды талап етеміз.

Негізі ата-аналардың ренжитіні де бар. Өйткені АҚШ-тың өзге өңірлерінде мектептер ашылып қойған.