Мексикаға ресейлік вакцинаның 200 мың дозасы жеткізілді

Алдағы уақытта тағы осындай мөлшері келуі тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Билік бұл екпені ел астанасындағы егде адамдарға салуды жоспарлап отыр. Мехикодағы вакциналау науқаны ертең басталады. Бұл ел коронавирусқа қарсы алғашқы препаратты «Файзер» компаниясынан өткен жылдың аяғында алдырған еді.

Марсело Эбрард, Мексика сыртқы істер министрі:

– Ресей өз елінде вакциналауды әлі толық аяқтамаса да, бізге екпе беріп отыр. Әрине тегін емес. Бірақ Ресей үкіметі рұқсатын бермей, біз үшін қолжетімсіз болар еді. Мексикаға жасалған жанашырлық деп қабылдаймыз.

Ал Таиланд Қытай вакцинасын қолдануға рұқсат берді. Ел билігінің мәлімдеуінше, «Синовак» екпесінің алғашқы легі ертең келуі керек. Ал екінші партия наурызда, үшінші легі сәуірде жеткізіледі. Таиландта бірінші кезекте медицина қызметкерлері, науқастар мен жасы 60-тан асқан тұрғындар егіледі.