Израиль вакцина салдырған тұрғындарына ерекше құжат берді

Израиль билігі ковид-19 індетіне қарсы вакцина салдырған азаматтарына «жасыл төлқұжат» бере бастады. Құжат иелерінің қандай артықшылығы бар?

Израильде вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Вакцинаның екі дозасымен халықтың 33 проценті егілген. Медицина қызметкерлері мен жасы алпыстан асқан кісілер кіретін топтарда коронавирус жұқтыру мүлдем тіркелмейтін болған. Бұған көзі жеткен билік «жасыл төлқұжат» үлестіре бастады. Оны алған адамдар науқаспен тікелей байланыста болса да екі апталық карантинге оқшауланбайды. 

Борис Воловик, Модиин қаласының тұрғыны:

- Екпе салдыруға жазылып, емханаға бардым. Бірден екі кезекке тіркеді. Екінші вакцинаны үш апта өткеннен кейін салды. Сосын тағы да бір апта күту керек. Осыдан кейін емхананың сайтынан төлқұжатты жүктеуге болады. Бұл осыған дейін маған жабық болған бірқатар есікті ашқан кілт болды.

 «Жасыл төлқұжаты» бар адамдар спортзал, театр мен концертке бара алады. Қонақүйде де тұруына болады. Үкімет осындай мекемелер тізімін кеңейтеді. Басты шарты - олар құжат тексеретін сканермен жабдықталуы тиіс. Алайда рәсімдеуде қиындық туындады. Құжатты арнайы сайтта онлайн немесе телефонмен тапсырыс беріп, электронды поштаға, факс арқылы да алуға болады. Бірақ сауал көп болғандықтан сайттар мен телефон желілері бәріне дер кезінде жауап беріп үлгірмейді.

Нахман Эш, Індетпен күрес бойынша ұлттық штаб басшысы:

- Расында да сайтқа кіру қиындап кетті. Қазір біз жүйенің өткізу қабілетін ұлғайтуға кірістік. Осыдан кейін бәрі кідіріссіз құжат алатын болады.

Құжатқа қатысты тағы бір мәселе туындады. Енді тиісті құжатқа қол жеткізе алмайтын адамдар не істеуі керек. Мысалы, денсаулығына байланысты вакцина егуге болмайтын кісілер мен балалардың құқықтары шектеле ме? Заңгерлер бұл мәселені зерттеуге кірісіп кетті.

Автор: Сергей Ауслендер

Сондай-ақ...