Түркияда Білге Тоныкөк жазба ескерткішінің көшірмесі бой көтерді

Тарихи туынды Анкараның ең ірі Алдындағ ауданында ашылған «Түркі әлемі: Тоныкөк саябағы» аумағында орналасқан.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Тоныкөк жазба ескерткіші - әлемде әлі көптеген ұлыс әліпті таяқ деп білмейтін кезде түркінің төл жазуымен тасқа қашалған еді. Ескерткіштің түп нұсқасы Моңғолияда сақтаулы. Жазба ескерткіште Түрік қағанатының ішкі және сыртқы саяси оқиғалары, әскери жорықтардағы әдіс тәсілдер мен қағанның бұқара халыққа айтқан сөздері жазылған. Бастысы, Төныкөк түркі халқының басын біріктірудің маңыздылығына ерекше тоқталған. Қазірге дейін жазба ескерткіштің бірнеше көшірмесі бар. Олар Халықаралық ұйым, Университеттер мен кейбір саяси партиялардың нышаны ретінде тұр. Ал халықтың көп шоғырланған жерінде ескерткіш алғаш рет бой көтерді.

Түркияның астанасында өткен салтанатты шара ЮНЕСКО аясында атап өтілген Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасына орайластырылған. Оған Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп, парламент депутаттары, Анкара қаласының губернаторы, халықаралық ұйымдардың басшылары, елшілер, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты. «Хабар 24» арнасына арнайы сұхбат берген Түрік парламентінің спикері Мұстафа Шентоптың сөзінше, Тоныкөк ескерткіші- тұтас түркі әлемінің ежелгі тарихы мен атажұрт арасындағы сабақтастықты нығайтуға зор үлес қоспақ.  

Мұстафа Шентоп, Түркия парламенті спикері:

- 1300 жыл бұрын бір мемлекетіміз болғаны және Тоныкөк ескерткішінде жазылған саяси түсініктің болуы бір мақтаныш. Бұлардың бәрі кітаптарымызда бар. Дегенмен, тұрғындарымыздың көптен келетін саябағында бой көтеруі «ортақ түсінікті» қалыптастырады. ЮНЕСКО-да Тоныкөк ескерткіші жылы жариялануында түркі тілдес мемлекеттер қолдау көрсетті. Әсіресе, Қазақстанның ортақ тұлғаларымызды таныту бойынша еңбегі зор. Бұған Түркі Академиясының бастамалары түркі болып отыр.

Түркі академиясының тапсырысымен әзірленген Тоныкөк жазба ескерткішінің бой көтерген жері Анкараның Алтындағ ауданы. Бұл жерде ортақ туындының бой көтеруі бекер емес. Себебі түрік астанасының түгел тарихы ғимараттары мен туындылары осында орналасқан. Сондай-ақ бұл ауданда қоныстану тығыздығы да жоғары. Академия президенті Дархан Қырырәлінің айтуынша, Тоныкөк ескерткіші Анкарамен шектелмей, алдағы уақытта басқа да жерлерде ашу жоспарланған. 

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық түркі академиясының президенті:

- Анкараның ең ірі Алтындағы ауданында Тоныкөк ескерткіші ашылып жатыр. Біздің ұсынысымызды қабыл алған тұлғаларға, мәжіліс төрағасына рақмет айтамыз. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлы дала тарихы туралы оның тұлғалары туралы арнайы тапсырма берген болатын. Тоныкөк сол тұлғалардың көшін бастап тұрған дала данышпаны. Оның жазуы 1300 жылдан кейін де бізге өсиет іспетті. Сондықтан Тоныкөктің ескерткішін басқа жерде де ашу ойымызда бар.

- Күндіз отырмадым,

Түнде ұйықтамадым,

Қара терімді ағыздым,

Қызыл қанымды жүгірттім

Түрік халқы үшін.

- деп жазған Білге Тоныкөк біздің тілімізді өткеннен болашаққа жеткізу үшін мәңгілік ел идеясын мәңгі тастарға қашап қалдырған. Осы мәңгілік мұрамызға құрмет білдіріп, оның дәлме-дәл көшірмесін Анкара қаласында орнату, түркі әлемінің руханиятын нығайтуға қосылған салмақты үлес болмақ, дейді Дархан Қырырәлі. 

Автор: Меруерт Қанағат

Сондай-ақ...