Еурокомиссия бірқатар елді шекарадағы шектеуді жеңілдетуге шақырды

Еурокомиссия Бельгия, Дания, Финляндия, Германия, Венгрия мен Швеция билігін шекарадағы бір жақты шектеу шараларын жеңілдетуге шақырды.

Бұл аймақтардағы карантиндік ережелер коронавирустың британдық штамы кең тарай бастаған соң енгізілген болатын. Енді Еурокомиссия өкілі Кристиан Виганд одақ елдері ішіндегі тауар тасымалы мен халықтың қозғалысына қолайлы жағдай жасау керек дегенді алға тартады. Алдағы он күн ішінде аталған алты ел шекарада енгізген шектеулерге қандай негіз бар екенін түсіндіруі керек.

Кристиан Виганд, Еурокомиссияның ресми өкілі:

- Еурокомиссия Еуроодақтың 6 еліндегі шекарадағы қатаң шектеулерге қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Бұл елдерге кіріп шығу тәртібі тым қатаң. Сондықтан ережелерді жеңілдету керек деген пікірдеміз. Халықтың Еуроодақ елдері арасындағы қозғалысы мен тауар айналымына қолайлы жағдай жасалу керек.