Италияда мәдениет саласының қызметкерлері ереуілге шықты

Италияның 21 қаласында мәдениет саласының қызметкерлері биліктің қатаң шектеу шараларына қарсылығын білдіріп ереуілге шықты.

Римде парламент ғимаратына қарай бет алған наразылар жұмыстарының бір жылдан астам уақыт бойы тұралап қалғандықтан қаржылық қиындықтарға тап болғанын алға тартады. Ал, билік тарапынан түскен жәрдемақы жеткіліксіз дейді. Ашуға бой алдырғандар елде театрлардың ашылуын және Үкіметтен бөлінетін инвестицияны арттыру керек деген талап қойды. 

Айта кетейік, пандемия басталғалы Италиядағы мәдени қоғамдық іс-шаралар 69 процентке қысқарған. Салдарынан сала 72 процент табысынан қағылып отыр.

Анжела Саева, артист:

- Мәдени іс-шараларды халық сағынды. Бұл бізге ғана емес, қалың бұқараға да қажет. Пандемияның кесірінен адамдар шынайы қарым-қатынастан қалды. Мұнсыз да барлығымыз маскамен қорғанып жүрміз. Сондықтан мәдениет саласына қайта қан жүгіртетін уақыт келді деп ойлаймын.