Нидерланд үкіметі локдаунды жеңілдетеді

Нидерланд үкіметі коронавирус індеті өршіп тұрса да, локдаун талаптарын жеңілдетуге кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьер-министр Марк Рютте алдағы уақытта мектептер мен шаштараздар ашылатынын мәлімдеді. Бұл нысандар өткен жылдың аяғында тегіс жабылған еді. Нидерланд Қоғамдық денсаулық институтының мамандары жаңа штамдарды ауыздықтау қиынға соғып жатқанын айтады. Қызғалдақтар елінде соңғы аптада 30 мыңдай тұрғын ауырып, індет жұқтыру деңгейі 19 процентке артқан. Жақында жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 45 проценті карантинді жеңілдету қажет деп пікір білдірген.

Ирис, жергілікті тұрғын:

– Локдаун талаптары жеңілдесе, қатты қуанар едім. Әсіресе, бұл кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық. Өзім де бірден шаштаразға жүгіріп барар едім. Шаштаразға бару деген нағыз бақыт қой. Себебі әдемі болып көрінсеңіз, қоғамда да шаттық көбейеді.