Алай-дүлей ауа райы әлем жұртын әбігерге түсірді

Табиғаттың тосын мінезі әлем елдерін тағы да әбігерге салып жатыр. Бразилияның бір қаласын түгел су басып, Индонезияда лай көшкіні жүріп 5 адам қайтыс болды. АҚШ жұрты қалың қардан көз ашпайды. Жапонияда орман өрті өршіп тұр.

Бразилияның Акко штатында өзен арнасынан тасып, жүздеген үй-жайды су басты. 100 мыңнан астам азамат зардап шекті. Топан суға байланысты қазір тұрғындар жаппай эвакуацияланып жатыр. Апат аймағына барып, өңірдегі ахуалды көрген ел президенті аймақта төтенше жағдай режимін жариялады.

Эдуардо Пасуэлло, Бразилияның денсаулық сақтау министрі:

- Апат тосыннан келді. Соған қарамастан, ел билігі оған толықтай төтеп беруге әзір.

Индонезияның Сулавеси аралында лай көшкіні жүрді. Салдарынан заңсыз жұмыс істеген алтын кен орнында 5 адам көз жұмып, 70 кісі жоғалып кетті. Қазір өңірде іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. 

Анди Батара, Пурвакарака, полиция қызметкері:

- Оқиға түнде болды. Сондықтан жарық түспейінше нақты қанша адамның қаза тапқанын және із-түзсіз жоғалып кеткендер санын айта алмаймыз.

Италияда да лай көшкіні жүрді. Сөйтіп ол зираттың бір бөлігін шайып кетті. Қазір теңізге кеткен табыттар іздестіріліп жатыр.

- Суда қалқып жүрген табыттарды көргенде жағамызды ұстадық. Адам сенгісіз жағдай. Мұнда менің ата-анам мен аталарым жерленген.

Табиғаттың тосын мінезі Жапонияда да байқалды. Күншығыс елінде төртінші күн қатарынан орман өртеніп жатыр. Мамандар отпен қанша арпалысса да, әзірге оны ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Осыған байланысты 200-ге жуық отбасы қауіпсіз жерге көшірілді.

Мамандардың айтуынша, өрттің неден шыққан белгісіз. Белгілісі, соңғы уақытта бұл аймақта жауын-шашын болмаған. Сондықтан жалын тез тарап жатыр.

АҚШ астанасы Вашингтон қар құрсауында қалды. Қазір шаһарды ақ ұлпадан тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Толассыз жауған қардан көлік қозғалысы шектелген. Ал оқушылар мен студенттер қашықтан оқуға жіберілді. Соңғы күндері қытымыр қыс тек Вашингтон тұрғындарын ғана емес, бүкіл Америка халқын әбігерге салды.

Ауа райының қолайсыздығы Ресей жұртына да жетті. Суықтан ондаған елді мекен жарықсыз қалған. Челябинск облысында төтенше жағдай режимі енгізілген. Мұнда жолдар жабылып, жүздеген азамат жарықсыз отыр. 300-дей кісі уақытша орналастыру бекеттеріне жіберілген. Арасында балалар да бар. Синоптиктердің сөзінше, қолайсыз ауа райы алдағы күндері де сезіледі. Наурызда елдің басым бөлігінде ауа температурасы минус 15-ке дейін жетеді екен.

Сондай-ақ...