Украинада коронавируске қатысты жағдай нашарлады

Украинада эпидемилогиялық жағдай нашарлады, тәулігіне коронавирус жұқтырғандар 8 мың адамнан асты. Әсіресе елдің батыс аймағындағы ахуал қауіпті. Мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметі үкіметтің тапсырмасы бойынша бұл өңірге алғашқы жылжымалы аурухана орналастырды. 

Аида Қыдырбай, тілші:

- Украинаның мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметі хабарлағандай, Ивано-Франковск өңіріндегі мобильді госпиталь 30 палататан тұрады, 120 адамға арналған төсек орыны бар, әр төсек жеке оттегі концентраторымен жабдықталған. Жылжымалы аурухана автономды қуат жүйелеріне қосылған, сондықтан денсаулық сақтау мекемесі ретінде дербес жұмыс істей алады. Атап өту керек, Ивано-Франковск өңірі қауіпті қызыл аймаққа енгізілген. Бір апта бойы бұл облыста сауда орындары, базар, театр, кинотеатр, спортзал мен кафе және мейрамхана жұмысын тоқтатты. 

Атап өту керек, Украинаға алғашқы 500 мың доза вакцина жеткізілді, осылайша елде 24 ақпаннан бастап, вакцинациялау басталды, алғашқы күні 159 адам коронавирусқа қарсы екпе салдырған.

Үкіметтің мәліметінше, Украина Pfizer вакцинасының 100 мың данасын күтуде, сондай ақ Үндістаннан AstraZeneca вакцинасының 4 млн дозасы қосымша жеткізілмек, Қытайдан да Sinovac вакцинасының 2 млн дозасын сатып алу көзделген.

Ярослав Кучер, Украина денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- Украинада вакциналау бес кезең бойынша жүргізілмек. Алғашқы болып, ковидті емдеуші медицина қызметкерлері, қарт адамдар мен әскери қызметкерлер екпе алатын болады. Екінші кезекте 80+ жастағы адамдар, әлеуметтік және медицина қызметкерлері салдырмақ. Содан кейін 65+, мемлекеттік қауіпсіздік саласының адамдары, білім беру құрылымының жұмысшылары екпе алатын болады. Төртінші кезекте 60+ жастағы егде адамдар, созылмалы ауруы бар және түрмеге тоғытылған және сонда жұмыс жасайтындар мен бесінші кезеңде 18 жастан 59-ға дейін адамдар екпе салдыра алады.

Украинаның денсаулық сақтау министрлігі вакцина және вакцинациялау жайлы ақпарат қамтылған ресми сайтты іске қосты. Мұнда Украинаға тасымалданған және тасымалдануы жоспарланған екпе жайлы ақпарат беріледі. Сондай-ақ осы сайт арқылы вакцина алуға тіркелуге болады, және ресми ақпарат арқылы вакцина алған адамдардың статистикасы жүргізілмек.

Авторлар: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Сондай-ақ...