Арменияда саяси жағдай шиеленісті

Елдің Қарулы күштері премьер-министр Никол Пашинянның қызметтен кетуін талап еткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Пашинян: «әскерилер төңкеріс жасағалы отыр» деп, Басштаб басшысы Оника Гаспарянды қызметінен босатты. Бірақ президент қолбасшының отставкасы туралы құжатқа әлі қол қойған жоқ.

Салдарынан қоғам екіге бөлінді. Бір бөлігі Пашинянмен Республика алаңына шықса, қалғандары оппозицияға қосылып, Бостандық алаңына жиналды. Елдегі жағдайдың ушығуына байланысты парламенттің кезектен тыс отырысы өтуі тиіс еді. Бірақ оппозиционерлер ғимаратқа кіретін жолды бөгеді. Олар шатырлар тігіп, бұл жерде Пашинян отставкаға кеткенге дейін қалатынын мәлімдеді. Оппозиция өкілдері депутаттарды Премьерге импичмент жариялауды қарастырса ғана парламент ғимаратына кіргізетінін айттты. Сонымен бірге елдегі жағдайды талқылау үшін президентке өкілдерін жібермек. Пашинян болса, оппозицияны мәселені келіссөзбен шешуге шақыруда.

Арман Абовян, «Гүлденген Армения» партиясының хатшысы:

- Бас штаб басшысынан бастап корпус командирлеріне дейін Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап етті. Үкімет басшысы мұны әскери төңкеріс деуі сондықтан. Дегенмен, оның бұл әрекеті еш қисынға келмейді. Себебі Пашинянның қызметтен кетуін халық, дін басылары әскерилер талап етіп отыр. Ал ол болса, тақтан кеткісі жоқ. Бірақ ол биліктен айырылып жатқанын түсініп отыр. Енді оны заңды түрде бекіту ғана қалды.