Бельгия тұрғындары карантин тәртібінің жеңілдетілетініне үмітті

Бельгияда коронавирус жұқтыру бәсеңдемей тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вирустың британдық және оңтүстікафрикалық штамдары да тарап кетті. Тұрғындарды вакциналау баяу жүріп жатыр. 11,5 миллион халқы бар Бельгияда вакцинаның бірінші екпесі тек 410 мың адамға егілді. Жалпы қазір Бельгия халқы локдаун жағдайында өмір сүріп жатыр. Ол былтыр қараша айында енгізілген. Мейрамханалар мен барлар жабық. Халық қашықтан жұмыс істеп жатыр. Жақында шаштараздар ашылды. Тұрғындар алдағы уақытта өзге де шектеулер жеңілдейтініне үмітті.

Гаетан Фаекан, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Шектеу шараларын қолдаймын. Бір жағынан мейрамханаға шақырғым келген таныстарым бар. Сондықтан дәмхананың ашылғанын қалаймын. Дегенмен, үйге қонақ шақырмай, сыртта кездесуге мүмкіндік бар. Біз нан мен ет сататын дүкендерге барып жүрміз ғой. Бүкіл халықтың игілігі үшін тағы да шыдай тұрсақ болар еді.

Сюзан Мюллер, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Бүгінде ең бастысы, туыстармен көрісіп тұру. Екінші жағынан бизнес те маңызды. Бұл дағдарыс немен бітетінін уақыт көрсетеді. Бірақ билік басындағылардың орнында болғым келмейді. Өйткені бәріне бірдей жағу қиын.

Жаман айтпай, жақсы жоқ. Бельгия тұрғындары қазіргі жағдайды осылай сипаттап отыр. Болашаққа үмітпен қараған халық аптаның соңында өтетін үкіметтік комитет шешімін асыға күтіп отыр.