АҚШ-та жұмыссыздар саны 10 млн-нан асты

Пандемия басталғалы АҚШ-та жұмыссыздар саны артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, 2020 жылдың сәуір айында 23 млн-нан аса адам екі қолға бір күрек таппай қалған. АҚШ Еңбек Бюросының мәліметі бойынша қазіргі жағдай айтарлықтай жақсарған. Ақпан айындағы жұмыссыздық деңгейі 6,5%-ке дейін түскен. Қазір жұмыссыздар саны 10 миллионнан асады. Олардың дені қара нәсілді америкалықтар мен латынамерикалықтар екен. Америкалықтарға қосымша жәрдем ретінде Ақ үй басшысы Джо Байден 1,9 млрд долларға ынталандыру пакетін қабылдауды ұсынған еді. Ол бойынша әр тұрғынға бір рет 1400 доллар төлем қарастырылған. «Алайда оның өзі жеткіліксіз», - дейді шағын бизнес өкілдері.

Джером Пауэлл, федералды резервтің төрағасы:

- Қазіргі уақытта ұлттық экономикамызға қуат беріп, жұмыс орындарын көптеп ашуымыз қажет. Соңғы үш айда 87 мың жұмыс орнын аштық. Алдағы уақытта пандемияны жеңе алсақ, жұмыссыздықпен күрестегі прогресс те күшейе түседі. Биылғы жылдың екінші жартысы бұдан да жақсы болады деп үміттенеміз. Қазір 10 миллион жұмыссыз жандарға қолымыздан келген жәрдемді беруге тырысамыз.

Мэт Стрикланд, ресторан иесі:

- Үкіметтің шағын бизнеске бергелі отырған көмегі мүлдем жеткіліксіз. Мұндай заңдарды қабылдайтын, жоғарыда отырған азаматтар осы бөлінген ынталандыру чектерінің бірде бірін қалт жібермеген шығар. Олар біз көріп жатқан қиындықты көрген жоқ. Сол себепті жағдайымызды түсінбейді. Мәселен, олар бір реттік төлемнен кейін келесі айларда қайтіп өмір сүремін деп уайымдамайды.