Германияда мұғалімдер мен полицейлерді вакциналау басталды

Германияда мемлекеттік қызметкерлерді AstraZeneca екпесімен вакциналайтын болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жақында аймақтарға бір жарым миллионға жуық доза вакцина жеткізілді. Екпені бірінші болып балабақша мұғалімдері мен тәрбиешілері алады. Берлинде 45 мың адам екпе салдыруға шақырылған. Билік мектептерде індеттің таралуын болдырмау үшін мұғалімдер мен тәрбиешілерді вакцина алатын алғашқы топ қатарына кіргізді. Полицейлерді де егу басталды. Ал халықтың қалған бөлігін вакциналау жазға таман жүргізіледі.

Айта кетейік, Германияда вакцинаның алғашқы дозасын халықтың 4%-і алды. Бұл – 3 миллион 600 мың адам. Ал екінші дозасын салдырғандар қарасы 2 миллионға жетті. Алайда дертке қарсы егілгендерге ешқандай артықшылық қарастырылмаған.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

- Жақында Еурокомиссия басшысы вакцина шығаратын компания өкілдерімен кездесті. Біз жаңа штаммдарға байланысты алдағы жылдары коронавирусқа қарсы үнемі вакцина алып отыратын шығармыз. Мысалы, тұмауға қарсы егілген сияқты. Сондай-ақ адамның екпе алғаны жайлы мәліметтері бар құжат қажет деген пікірге келдік. Онда қандай ақпараттар болатынын Еурокомиссия мен одаққа мүше елдер шешеді.