Бельгияда карантин шектеулері жеңілдетілген жоқ

Бельгияда коронавирус қайта күшіне мінді. Жақында елде шаштараздар ашылып, билік өзге де шараларды жеңілдетуді көздеген болатын. Алайда науқастар саны күрт артқандықтан үкімет карантин тәртібін жұмсартпады. Соңғы кезде ауруға шалдыққандар саны 30 процентке өсті.

Бұл туралы коронавируспен күрес бойынша комитеттің кезекті мәжілісінен кейін Бельгия премьер-министрі Александр де Кро мәлімдеді. Күніне вирусты жұқтырудың 3 мыңдай дерегі анықталуда. Олардың жартысы тез жұғатын британдық штамның үлесіне тиіп тұр. Сондықтан комитет шектеу шараларын жеңлідету бойынша шешім шығаруды бір апта кейінге қалдырды. Сондай-ақ барлық ауруханаларға қосымша төсекорын дайындау бұйырылды. Елде коменданттық сағат сақталып келеді. Шетелге баруға тыйым салынып, барлар мен мейрамханалар жабылған. 

Александр де Кро, Бельгия премьер-министрі:

- Бірнеше ай бойы жағдай тұрақты болды. Бірақ қазір вирусты жұқтырған адамдардың көбейіп жатқанын көріп тұрмыз. Сондықтан аса сақ болуымыз керек. Әзірге босаңсуға болмайды. Індетпен күрес бойынша комитет бір апта бойы жағдайды қатаң бақылайды.