Өзбекстандық көліктердің сапасы сын көтермейді

«Сапасы төмен, бағасы қымбат». Осылай деген өзбекстандықтардың жергілікті автокөліктерге көңілі толмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Есесіне көлік өндіретін елдегі жалғыз компания темір тұлпарларды шетелде әлдеқайда арзанға сатады деп қынжылады азаматтар. Мәселен, Қазақстанға жеткізілетін өзбек көліктерінің бағасы айтарлықтай төмен.

Беріліс қорабы, салон іші, дөңгелектерінің сапасы да сын көтермейді. Бұған әбден ашынған көлік иелерінің шағымдарын Өзбекстандағы белгілі блогер Умид Гафуров өзінің телеграммында жариялай бастады.

Умид Гафуров, блогер:

- «Дамасты» таңдағаның - табытты таңдағаның. Өйткені бұл – ең қауіпті көлік. Жоғары жылдамдықта жүріп келе жатып, кенеттен тежегішті бассаң, аударылып кетуің ғажап емес. Біздің елде «Дамаспен» жедел жәрдем бригадалары жүреді. Ем сұрап, дәрігерлерді шақырған науқастарды мұндай көлікпен қалай тасуға болады?!

Халықтың отандық автоөндіріске ренжитін жөні бар. Өйткені мұндай көліктер үшін «Узавтомоторс компаниясы» атасының құнын сұрайтын көрінеді. Бір қызығы, өзбекстандық темір тұлпарлар шетелде, оның ішінде Қазақстанда әлдеқайда арзанға сатылады деп қынжылайды көрші ағайын. Әрі экспортқа шығарылатын автокөліктердің сапасы да біршама жоғары.

Умид Гафуров, блогер:

– Ел ішінде «көліктің импорттық нұсқасы» деген түсінік бар. Осылай деп экспортқа шығарылатын отандық автокөліктерді атайды. Адамдар дәл осы темір тұлпарларды сатып алуға тырысады. Себебі бұлардың сапасы әлдеқайда жоғары.

«Узавтомоторс» – монополист компания. Нарықта бәсеке болмағандықтан, бұлар ойына келгенін істейді дейді қара халық. Былтыр Монополияға қарсы Агенттік бұл компанияны бағаны негізсіз 10 процентке көтерді деп айыптап, көліктің құнын қайта есептеп, айырмасын темір тұлпар сатып алған азаматтарға қайтарсын деп талап етті. Бірақ сот монополисті жақтап шықты.

Жасын Біркенов, тілші:

- Өзбекстанда көлік сатып алу көктегі күнді алудан қиын дейді жергілікті тұрғындар. Әуелі көлік құнының 85 процентін алғашқы жарна ретінде төлеуің керек. Бір қызығы, темір тұлпарыңды автосалоннан бірден әкете алмайсың. Ол үшін бірнеше ай күтуің шарт. Ал егер осы уақыт ішінде автокөліктің нарықтағы құны өсіп кетсе, баға айырмашылығын төлеу міндеті тағы бар.

«Неліктен UzAuto Motors жасаған келісімшартта «алғашқы жарна ретінде көлік құнының 85% төлеу керек» деген тармақ көрсетілген? Монополистің тұтынушыға мұндай шарт қоюы қисынға келмейді. Егер адам өз көлігін бірден әкетіп жатса, үндемеуші едік. Бірақ автокөлік үшін алдын ала 85% ақшасын төлеткізіп, бірнеше ай күткізіп қоятыны миға да қонбайды».

Қазір салоннан шыққан темір тұлпарларда өндірістік ақау анықталып жатыр. Қайтарып берсең, жаңасын алу үшін тағы бірнеше ай күту шарт. Сондықтан азаматтар көліктің кемшілігін көбіне көп өз күшімен жоюды қалайды.

Бобир Каримов, монополияға қарсы комитет төрағасының бірінші орынбасары:

– UzAuto Motors айналасындағы мәселені шешудің бір-ақ жолы бар. Ол – импорттық көліктер үшін кедендік салықты төмендету. Нарықта бәсеке пайда болса, монополист сапаға да, бағаға да мән берер еді.

Бүгінде Өзбекстанға шетелден көлік тасу қалтаны қағады. Мәселен, Еуропадан 10 мың долларға сатып алған темір тұлпардың құны кедендік тазартудан кейін 20 мың доллардан асып түседі.

Жасын Біркенов, тілші:

– Монополистің мұндағы халықтың арыз-шағымына қатысты пікірін білу үшін «Узавтомоторс» компаниясына хабарласып едік, бұдан мардымды ештеңе шықпады. Әу баста сұхбат береміз деген олар кейін хатымызға жауап бермеді. Телефон соқсақ, көтермеді. Өзбек автоөндірісі импорттайтын көліктердің 90 проценті Қазақстанға жеткізілетінін айтып кету керек. Былтыр біздің елде көршілердің 11 мыңнан астам темір тұлпары сатылды.

Ж.Біркенов және Қ.Оспан