Коронавирус Орталық Азиядағы цифрландыруды дамытуға әсер етті

Коронавирус Орталық Азиядағы цифрландырудың дамуына ықпал етті. Еуразиялық болашақ көшбасшылар қауымдастығының мүшелері осылай дейді.

Қауымдастық былтыр Сеулде құрылған. Құрамында қазақстандық және оңтүстіккореялық студенттер, сондай-ақ Ресей мен Орталық Азия мемлекеттерінің өкілдері бар. Олар пандемия кезінде мектептер мен университеттерде сабақтың қалай өтетінін зерттеген. Сөйтіп, басты кемшілік компьютер мен планшеттердің жетіспеушілігін, сондай-ақ аймақтарда Интернет жылдамдығының төмендігін анықтады.

Ақпан айында 5 топ жұмыс істеген. Олар онлайн-семинарлар өткізіп, қазақтың ұлттық тағамдары, мәдениеті, дәстүрі, түрлі ойындар мен аспаптар туралы зерттеген. Бұл контент Орталық Азия мемлекеттерінің мәдениетін зерттейтіндер үшін пайдалы. Өйткені әлеуметтік желілерде осы аймақтар жайында корей тіліндегі ақпарат өте аз. Тіпті қазір оңтүстік кореялықтардың көпшілігі Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанда тек орыс тілі ғана қолданылады деп ойлайды.

Ким Со Ён, Еуразиялық болашақ көшбасшылары қауымдастығының мүшесі:

- Әрине біз мұндай шараларды оффлайн режимде өткізуді жоспарладық. Бірақ коронавирусқа байланысты барлық семинарлар қашықтан өткізіледі. Біз Орталық Азия студенттеріне корей тілін үйренуге көмектесуге келістік. Коронавирустың кесірінен біз Қазақстанға және басқа елдерге бара алмаймыз. Сондықтан онлайн сабақтар өткіземіз.