423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

«Хабар 24» тілшісі Бейжіңдегі вакцина өндіру жолын өз көзімен көріп қайтты

  • 188
  • UPD: 12:41, 01.03.2021

Қытайда коронавирусқа қарсы шығарылған тағы екі вакцинаны қолдануға рұқсат берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осымен бұл елде жергілікті 4 екпе тіркеуден өтті. Оның екеуін Sinopharm компаниясы өндірген. Қытайдағы меншікті тілшіміз компанияның Бейжің қаласындағы институтына барып, препаратты өндіру жолын өз көзімен көріп қайтты.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Бұл институт қала шетінде орналасқан. Жылына бір миллиард дана вакцина өндіруге қауқарлы. Уханьда коронавирус індеті тарала бастағанда мұндағы мамандар бірден екпе шығаруға кірісіп кетті. Оны зарарсыздандырылған вирус бөлшектері негізінде жасайды. Иммунитет қалыптасу үшін вакцинаны екі рет салдыру керек.

Ван Хуэй, Sinopharm институтының бас менеджері:

- Инактивті вакцина бір жағынан уақыт сынағынан өткен дәстүрлі әрі заманауи препарат саналады. Өйткені оны шығару үшін жаңа технологиялар қолданылады.

Мамандардың айтуынша, вакцина коронавирустың жаңа штамдарына қарсы өз тиімділігін көрсеткен.

Ван Хуэй, Sinopharm институтының бас менеджері:

- Біз коронавирустың барлық мутацияларын мұқият бақылап келеміз. Әрқайсысын зерттейміз. Соның нәтижесінде вакцинамыз жаңа мутацияларға қарсы тиімді екенін көрсетті. Оңтүстікафрикалық штамға қатысты нәтижесі сәл төмен болғанымен, бұл вакцинаның жалпы тиімділігіне әсер етпейді.

Клиникалық сынақтың соңғы кезеңі өткен жылдың жазынан бері шетелде өтті. Сол кезде оның тиімділігі 80%-ті көрсеткен болатын. Вакцинаны жасы 60-тан асқан қарттарға да егуге рұқсат етілді.

Ван Хуэй, Sinopharm институтының бас менеджері:

- Бұл вакцинаны жасы 18-ден асқан адамдарға қолдануға рұқсат. Сонымен қатар егде жастағыларға да екпе егуге болады. Және 3 пен 17 жас аралығындағы балаларға қатысты клиникалық сынақты аяқтадық. Оның нәтижесін дәрі-дәрмек сапасын бақылайтын Басқармаға тапсырдық. Олар бекітсе, жасы үштен асқан балаларға да екпе жасай бастаймыз.

Компанияның екінші вакцинасы да тап осы технология бойынша шығарылған. Оны Ухань қаласындағы институт ғалымдары ойлап тапты. Бұл препараттың тиімділігі 70%-тен жоғары. Қазіргі кезде Sinopharm вакцинаның 43 миллион данасын өндірді. Оның бір бөлігі шетелге жөнелтілген.

Авторы: Ботагөз Сырғабаева

Хабар 24 телеарнасы