Трамп жаңа партия құра ма?

Дональд Трамп ешқандай партия құрмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

АҚШ-тың 45-ші президенті Флоридада өткен Консервативті саяси іс-әрекет конференциясында осылай деді. Бұл – Трамптың 20 қаңтарда президенттік лауазымнан кеткеннен кейін жасаған алғашқы мәлімдемесі.

Дональд Трамп, АҚШ-ТЫҢ 45-ші президенті:

– Мен жаңа партия құрмаймын. Бұл – өтірік әңгіме. Ол бізге қызық емес. Бізде «Республикалық партия» бар емес пе?! Енді біз жұдырықтай жұмылып, бұрын-соңды болмаған саяси күшке ие боламыз.

Трамп әдеттегіше демократ Джо Байденді сөзбен түйреп өтті. Экс-президенттің айтуынша, қазіргі Ақ үй басшысы «Америка бірінші орында» деген нақылды «Америка соңғы орында» деген ұранмен ауыстырып алған. Сондай-ақ Трамп 2024 жылы сайлауға қайта түсуі мүмкін екенін жасырмады. Бұдан басқа, ол демократтар өткен сайлауда заңсыз жеңіске жеткенін тағы бір еске салды.