Аргентинада вакцина төңірегінде дау туды

Пандемия басталғалы дүние жүзі бойынша 114 миллиондай адам коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

2 жарым миллионы көз жұмды. Қуанарлығы, соңғы уақытта індеттің таралу қарқыны бәсеңдей бастаған. Эпидемиологиялық ахуал біршама тұрақталып, сауыққан науқастардың қатары көбейіп келеді. Ауруханалар да ақырындап босап жатыр. Мәселен, жыл басында әр апта сайын 5 миллион адам инфекцияға шалдығып отырса, ақпанның ортасына қарай бұл сан екі есе азайды.

Бұған әрине қатаң шектеу шаралары мен ковидке қарсы препараттың сеп болғаны сөзсіз. Денсаулық сақтау жүйесіне түскен ауыртпалық та біршама жеңілдеді.

Иә, қазір жер-жерде індет саябырсып келеді. Ең бастысы вакцина нәтиже бергенге ұқсайды. Сөзімізді растау үшін алдымен ковидтен ең көп зардап шеккен Америкаға үңілейік. Бұл елде вакциналау науқаны қазір қарқынды жүріп жатыр. Оны АҚШ басшысының сөзінен-ақ аңғаруға болады. Себебі Джо Байден президенттігінің алғашқы 100 күнінде 100 миллион адамға екпе салуға уәде берген еді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Мен мұнда сіздерге есеп беру үшін келіп тұрмын. Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы 37 күнде ел бойынша 50 миллион адамға екпе егілді.

Айта кетейік, қазір Америка тұрғындарына «Файзер» мен «Байонтек» әзірлеген препарат пен «Модерна» өнімі қолданылып жатыр. Бұл тізімге ертең Johnson & Johnson дәрісі қосылады. Ол бірер күн бұрын ғана мақұлданды. Осылайша ел билігі халықты вакциналау қарқынын одан сайын үдете түспек.

Британ жерінде де халықты вакциналау науқаны қызу. Соңғы мәліметке сәйкес, корольдік аумағында 20 миллионнан астам адамға екпе егіліпті. Денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок тақауда осындай жаңалықпен бөлісті.

Мэтт Хэнкок, денсаулық сақтау министрі:

– Ұлыбритания аумағында 20 миллионнан астам тұрғынға екпе салынғанына қуаныштымын. Бұл өте керемет жаңалық. Өз еркімен вакциналау бекетіне келіп, екпе салдырған әрбір азаматқа алғысымды білдіремін.

Әлемдік антирейтингте екінші тұрған Үндістанда да халықты вакциналау ісін үдетіп жатыр. Бүгінге дейін бұл елде 12 миллиондай адам вакцина алған. Олардың бәрі – дерлік коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүргендер. Ал бүгін ел премьер-министрі Надендра Моди ковидке қарсы отандық өнімнің алғашқы дозасын қабылдады.

Ал Филиппинде жергілікті жұртқа екпе егу жұмыстары енді ғана басталды. Өйткені ел билігі ковидке қарсы дәріге кеше ғана қол жеткізді. 600 мың дозадан тұратын «Синовак Байотек» вакцинасын Филиппин басшылығы Қытайдан сый ретінде алған. Енді ол бірінші болып медицина мамандары, полицейлер және әскери қызметкерлерге егіледі.  

Франсиско Дуке, Филиппин денсаулық сақтау министрі:

– Бұл вакцина қауіпсіз әрі коронавирустан қорғаныш күші жоғары екеніне сеніңіздер. Екпе адамдардың қалыпты өмірге тезірек оралуына мүмкіндік береді.

Әрине, бұрынғыша емін-еркін өмір сүруге бәрі асық. Бірақ Латын Америкасында ол әзірге мүмкін болмай тұр. Өйткені бірқатар елде вакцина мен вакциналау ісіне қатысты дау туған. Мәселен, Аргентинада мыңдаған тұрғын шеруге шығып, Буэнос-Айрестегі президент сарайы алдына жиналды. Сөйтіп қолдарына кастрюль мен көрнекіліктер ұстап шыққан жұрт «менің вакцинамды қайтарыңдар» деп ұрандатумен болды. Осылайша тұрғындардың үкіметтің вакцина үлестіру ісіне наразылық білдірді. Өйткені тек медицина мамандары мен жасы 70-тен асқан азаматтарға ғана салынуы тиіс болған препараттар билік басындағылардың жақындарына берілген көрінеді.

Гильермо Сехас, шеруші:

– Ұят болды. Олардың мұндай әрекетке барғаны бізді қынжылтады. Өйткені вакцина ең алдымен мұғалімдерге, дәрігерлерге, автобус жүргізушілері мен полицейлерге берілуі керек еді ғой. Шенеуніктер ел азаматтары үшін жан алысып жатқанын айтады. Солай екен, онда олар дәріні ең соңғы болып алулары керек емес пе?

Коронавирусқа қатысты шектеу шараларынан әбден мезі болған Бразилиа қаласының тұрғындары да көшеге шықты. Олар бұл жолғы локдаунда қамалып үйде отырмаймыз, жұмыс істейміз деп отыр. Айта кетейік, аймақтағы ахуалдың күрт нашарлап кетуіне байланысты тақауда қала басшысы 24 сағаттық карантин енгізген болатын. Ал өзге ірі қалаларда түнгі уақытта коменданттық сағат енігізіліп жатыр. Үкімет өкілдерінің мәлімдеуінше, жаңа шектеулер 15 наурызға дейін созылады.

Осыған ұқсас шеру Нидерланд астанасында да өтті. Амстердам көшелеріне шыққан топ биліктен шектеулерді түгел алып тастауды талап етті. Билік өкілдері, мұндай шара індеттің бетін қайтару үшін жасалып отырғанын айтады. Бірақ халықтың оңайлықпен көнгісі жоқ. Мұнда соңғы аптаның өзінде инфекцияға шалдыққандар қатары 20 процентке артқан.