Австрияда ковидті анықтауға арналған тест тегін беріле бастады

Австрия билігі әр азаматқа коронавирустың бар-жоғын жылдам анықтайтын тестілер тарата бастады.

5 сынама салынған жиынтық дәріханаларда тегін беріледі. Тестілерді тұрғындардың айына бір рет алуына мүмкіндік жасалған. Бірақ сұраныс көп болғандықтан сынамалар жетіспей жатыр. Себебі әзірге 500 мың ғана жиынтық шығарылған. Оның үстіне олар дәріханаларға кеш жеткізілуде. Алайда Австрияның Фармацевттер қауымдастығы наурыздың ортасына қарай тестілер жеткілікті көлемде шығарылады деп уәде берді. Ал үкімет сынамалар жаппай таратылған соң алдағы айларда мейрамханалар мен дәмханаларды ашуға мүмкіндік туады деп үміттенеді.

Кристина Клеттер, фармацевт:

- Күткенімдей, тестілерге сұраныс өте жоғары болып тұр. Таңғы 8-де ашылған бетте бізге адамдар қаптап келе бастады. Өкінішке орай, сынамалар өткен жұма күні ғана берілді, оның үстіне аз көлемде жеткізілді. Бұл өте кеш. Содан жұмысымда біраз қиындық туындады.