Ирак Қытайда шығарылған вакцинаға қол жеткізді

Иракқа қытайлық «Синофарм» компаниясының екпесі жеткізілді. Алғашқы 50 мың доза дәрі тиелген әскери ұшақ Багдад қаласының әуежайына қонды.

Ирак билігі «Синофармнан» басқа «Пфайзер» мен «АстраЗенека» вакцинасын мақұлдап отыр. 

Айта кетейік, соңғы кездері Иракта коронавирус індеті қайта ушыға бастады. Мамандар індеттің екінші толқыны басталды деп алаңдайды. Статистика бойынша бір апта бойы тәулігіне 3 мыңнан астам науқас тіркелуде. Ал ауру құрбандарының саны күнде 20-дан асады. 

Хасан Аль-Тамими, Ирактың денсаулық сақтау министрі:

- Бүгін қытайлық Sinopharm вакцинасының алғашқы партиясы елімізге жетті. Алдағы уақытта бұл елден тағы екпе жеткізіледі. Өздеріңіз білетіндей, COVAX бағдарламасы аясында Иракқа коронавируске қарсы оннан астам дәрі импортталуы тиіс.