Кенияда қоқиқаздар қырылып жатыр

Кенияның Богория көлінде су деңгейінің көтеріліп, қоқиқаздар қырылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл көлде 3,5 миллиондай қоқиқаз мекен етеді. Қазір көрікті мекен құс өлігіне толы. Су деңгейі ұзын сирағынан асқан қоқиқаздар көлді жағалай өскен бұталардың тікеніне ілініп, шөп жей алмай қалған. Кенияның Жабайы табиғатты қорғау қызметі ағаштарды бұтап, құстарға көмектесуге тырысып-ақ жатыр. Сондай-ақ көлдің аумағы кеңейіп, Ұлттық қорыққа тиесілі заңды бөлігінен асып кеткен. Бұл да жағдайды реттеуге үлкен кедергі келтіріп отыр. Қоқиқаздардың жаппай қырылуы туризм саласына зор зардабын тигізуде. Себебі аталған құстарды тамашалауға келген туристерден түскен қаражат жалпы ішкі өнімнің 8,8%-і.

Джеймс Кимару, аға қорықшы:

Көлді прозопис деп аталатын бұталар қоршап тұр. Бұл өсімдік қоқиқаздарға кері әсерін тигізуде. Себебі көл деңгейі көтерілген сайын пропозис құстарды қармап алып, арам қатыруда. Мұндай сұмдық жағдайды бұрын-соңды көрген емеспіз. Қоқиқаздар негізі таяз суда тіршілік етеді. Олардың қорегі балдырлар. Ал су көтерілсе, балдырлар дұрыс өспей қояды.