ДДСҰ: Шектеу шараларынан түбегейлі бас тартуға әлі ерте

Коронавирус төңірегіндегі ахуал күніге құбылып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір күні ковид жұқтырғандар азайса, ертесіне бұл көрсеткіш күрт өзгеріп, науқастар саны көбейіп шыға келеді. Кейінгі жеті апта бойы бәсеңсіп келген вирус өткен аптада тағы бас көтерді.

Бірақ соған қарамастан, әлем елдері карантин талаптарын бірінен соң бірі жеңілдетіп жатыр.

Расымен де, осы дертті тоқтату мақсатында қабылданып жатқан шаралар әр елде әртүрлі. Бірі шектеу шараларын қатаңдату керек десе, енді бірі карантин талаптарын барған сайын жеңілдетіп жатыр.

***

Қажылық сапарға жол ашық.

Сауд Арабиясының билігі осындай шешім қабылдады. Бірақ міндетті түрде коронавирусқа қарсы вакцина алулары керек. Бұл туралы Корольдіктің денсаулық сақтау министрі хабарлады. Дегенмен, ел шекарасының нақты қашан ашылатыны белгісіз. Өйткені пандемиялық ахуал күн сайын өзгеріп жатыр. Бұған дейін ел билігі 2021 жылдың 31 наурызынан бастап шекаралардың ашылатынын айтқан еді. Бірақ кейін қажылық пен ұмра рәсімдерін атқаруға уақытша тыйым салу мерзімі 2021 жылдың 17 мамырына дейін ұзартылғанын хабарлады.  Естеріңізде болса, былтыр жаһанды жайлаған індетке байланысты қажылық парызын 10 мың адам ғана өтеді. Оның дені сол жақтағы жергілікті азаматтар.

***

Мексикада да шектеу шаралары жеңілдеді

Ел астанасы Мехикода кинотеатрлар мен жаттығу залдары қайта ашылды. Осындай жаңалықты жергілікті жұрт қуана қабылдады. Десе де, бұл мекемелерде бетперде кию, арақашықтық сақтау сияқты шаралар күшін жоймайды. Керісінше, бақылау күшейді

Синсиа Разо, студент:

- Менде үрей сезімі жоқ, бірақ үнемі сақтанып жүрмекпін. Себебі кез келген жерден вирус жұқтырып алуым мүмкін. Үйде қамалып отыра бергеннен гөрі бетперде киіп, сақтана отырып, сыртқа шыққан жөн емес пе?!

***

Калифорния штаты мемлекеттік мектептерге $2 млрд бөледі

Ал АҚШ-тың Калифорния штаты мектептерді дәстүрлі оқу форматына көшіру үшін 2 миллиард доллар бөлетін болды. Ол мектептердегі санитарлық жағдайды жақсартуға жұмсалады. Яғни, аталған соманы қосымша қорғаныш құралдарына, сыныптардағы желдетуді жақсартуға, мектеп қызметкерлерін вакциналауға жұмсау көзделген. Осылайша, билік өкілдері 1 сәуірден бастап мектептерді қайта ашпақ. Дегенмен, эпидемиологиялық жағдайы тұрақталмаған округтерде білім беру мекемелері әзірге жабық күйінде қала бермек.

Гэвин Ньюсом, Калифорния губернаторы:

- Балалар мен мұғалімдер мектепке оралатын күнді асыға күтіп жүр. Бөлінетін қаражат зор мүмкіндіктер береді. Яғни, оқу орындарындағы сабақты қорықпай бастай беруге жол ашылады.

***

Бразилия дәрігерлері шектеулерді күшейтуді талап етті

Ал Бразилияның медицина қызметкерлері, керісінше, коронавирусқа қарсы шектеулерді күшейтуді талап етті. Олардың айтуынша, елдегі ковид-науқастардың көптігі сонша, ауруханаларда орын жетіспейді. Бұған қоса, вакциналау науқаны да тым баяу. Бүгінге дейін 210 миллион тұрғынның тек 4%-і ғана екпе алыпты.

Педро Тоурино, дәрігер:

- Бразилия індет басталғалы дәл қазір ең ауыр кезеңді бастан кешіруде. Соңғы 1 айда өлім-жітім азайғанның орнына, көбейіп кетті. Экономикалық жағдай ушығып барады.

Айта кетейік, кеше шектеу шараларынан әбден мезі болған Бразилия тұрғындары шеруге шыққан еді. Кезекті локдаунға қарсы жұртшылық «енді қамалып үйде отырмаймыз, жұмыс істейміз» деп құлшынып отыр.

***

Қалай болғанмен де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әзірге шектеу шараларынан бас тартпауға шақырып отыр. Өйткені соңғы 7 аптада әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны қайта көбейе бастады. Сондықтан ұйым өкілдері әлем елдерін карантиндік талаптарды жеңілдетпеуге үндейді. «Өйткені вирустың таралуы толығымен бақылауға алынған жоқ», - дейді олар.