429,68 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19: Түркия қалыпты өмірге орала бастады

  • 126
  • UPD: 13:13, 04.03.2021

Түркияда COVID-19 шектеулерінен кейін қалыпты өмірге қайта оралудың жаңа жоспары жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол бойынша, қауіп деңгейіне байланысты бірқатар провинцияда коменданттық сағат алынып, мемлекеттік мекемелер дәстүрлі жұмыс істеу уақытына оралады. Алайда жеңілдік барлық өңірге жасалмайды.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Енді түрік халқы араға 4 ай салып, алдағы демалыс күндері көшеде емін-еркін жүре алады. Алайда қалыпты өмірге барлық аймақ тұрғындары оралмайды. Мұндай жеңілдік эпидемологиялық жағдайы тұрақты аудандарға қатысты. Дегенмен елде кешкі 9-дан таңғы 05-ке дейінгі коменданттық сағат жалғасады.

Карантин талабы қай өңірде жеңілдейтінін COVID-19 таралу көрсеткіштері белгіленген карта анықтайды. Елдің 81 провинциясы дерттің дендеуіне қарай, «орташа қауіпті», «жоғары қауіпті» және «өте қауіпті» аймақтарға бөлінеді. Соңғы мәлімет бойынша, Анкара орташа қауіпті, Анталия, Ыстамбұл, Измир мен Муғла қауіптілік деңгейі жоғары аймаққа кірген. Ел астанасы демалыс күндері коменданттық сағат толық алынса, жоғары және өте қауіпті қалаларда жексенбі күні тысқа шығуға тыйым салынды.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Апта сайын коронавирустың таралу деңгейіне байланысты аймақтар қайта жіктеледі. Сонымен қатар екі аптада бір рет провинциялар біртіндеп қалыпты өмірге оралады. Карантин талаптарын қатаңдату немесе жеңілдету, әрбір провинциядағы эпидемологиялық жағдайға байланысты.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Бастысы, халық асыға күткен мейрамхана, кондитерлік дүкендер мен басқа да қоғамдық тамақтану орындары қайта ашылды. Әзірше, бұл орындар таңғы 7-ден кешкі 19:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Бірақ «өте қауіпті» аймақта орналасқан макемелер жабық болмақ. Айта кетерлігі, қоғамдық тамақтану орындарына кіру үшін коронавирустың таралу деңгейін қадағалайтын қосымша арқылы «ХЭС» кодын көрсету міндетті.

Кенан Берк, мейрамхана үйлестірушісі:

- Шамамен 1 жылдан бері «өзіңмен алып кет» немесе «курьерлік қызметімізді» арттырдық. Жаңа ережеге сәйкес, мекеніміз 50% сыйымдылықпен және қосымша сақтық шараларын жұмыс істеуі тиіс. Әрине, бұл кезең бізге қатты ауыр тиді. Пайда емес, шығындарымыздың өзін жабу – жетістік.

Доға Жаймаз, тұрғын:

- 4 ай бойы курьерлік қызметті қолдандық. Алайда осы жерге келіп, ыстық тамақ жеудің өзі бір ғанибет. Коронавирус қаупіне байланысты да сенімді әрі таза жерлерді таңдауға тырысамыз. Қорқынышты әрине. Бірақ, сақтансаң сақтайды ғой.

Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіби қауымдастықтардың 300 кісіге дейін жиын өткізуіне рұқсат берілді. Бұдан бөлек, үйлену тойы мен неке рәсіміне «қауіптілік деңгейі төмен» және «орташа қауіпті» аймақтарда 100 адам, ал «жоғары қауіпті» және «өте қауіпті» өңірлерде 50 адамға дейін шақырып, жиынды 1 сағатта аяқтауға мүмкіндік бар.

Хабар 24 телеарнасы