АҚШ Ресейге қарсы санкциялар енгізді

Жазалау шарасы оппозиционер Алексей Навальныйды улау және қудалау ісімен тікелей байланысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл Джо Байден әкімшілігі ресми Мәскеуге қарсы қабылдаған алғашқы санкциялар. Шектеулер АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті, Қаржы және Сауда министрліктерінің жұмысын қамтиды. Ақ үй «қара тізімге» Ресей үкіметінің жоғары лауызымды 7 шенеунігі мен 14 ұйымның енгізілгенін хабарлады. Ал Ресейдің Сыртқы істер министрлігі ресми Вашингтонның бұл шешімін «дұшпандық әрекет» деп бағалады.

Джен Псаки, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

– Бұл шешімдер ұлттық қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін топтың жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен пайымдарының негізінде қабылданды. Мақсаты – болашақта осындай оғаш, орынсыз іс-әрекеттерді болдырмау. Сондай-ақ біз бұл шаралар екіжақты қарым-қатынасты ілгері бастыруға белгілі бір деңгейде үлес қосады деп сенеміз.