Еуроодақта халық вакцинаға қатысты әртүрлі пікірді ұстанып отыр

Өткен жылдың желтоқсанынан бері Еуроодақ пен Ұлыбритания аумағында халықты жаппай вакциналау науқаны басталғаны белгілі. Бірақ ел арасында әлі күнге дейін екпеге деген күмән сейілмей тұр. Мамандар вакцинаның зияны жоқ дейді. Жауапты тұлғалар «екпесіз елдің ертеңі бұлыңғыр» дегенді алға тартады. 

Коронавируске қарсы вакцинадан бас тартып жатқандар саны жағынан әлемде Франция көш бастап тұр. Жүргізілген сауалнамаға сәйкес, бұл елде 10 адамның тек төртеуі ғана екпе алуға дайын. Біреуі оның жанама әсерінен қорықса, енді бірі тиімділігіне күмәнмен қарайды. 

Мари-Франсе Будре, медбике:

- Шынымды айтсам, әзірге сенімсізбін. Вакцина жайлы көбірек білгім келеді. Себебі ол тым тез әзірленгендей көрінеді. Әдетте дертке дауа болатын дәрі жылдар бойы дайындалушы еді. Арнайы тестілеу ұйымдастырылып, бірнеше тәжірибеден өтетін. Ал қазіргі вакциналар жылдам дайын бола қалды.

Француздардан бөлек екпеге Германия, Италия мен Испания тұрғындарының да пікірі әртүрлі. Ал мажарлар тіпті шеруге шығып жатыр. Бірақ Венгрия премьер-министрі халықты вакцинадан қорықпауға шақырып отыр.

Виктор Орбан, Венгрия премьер-министрі:

- Екпе алғаннан кейін мен премьер-министр канцеляриясында болдым, жұмыс істедім. Көріп тұрғандарыңыздай, менде бәрі жақсы. Сондықтан вакцинадан қорқудың қажеті жоқ. Алда індеттің үшінші толқыны бар. Сол үшін сіздерді тіркеуден өтіп, екпе салдыруға шақырамын. Өйткені қорғанудың жалғыз жолы препарат болып тұр.

- Менің ойымша, вакцина қабылдау міндетті болмауы керек. Әркім өз денсаулығына өзі жауапты.

- Ешқандай қорқыныш жоқ. Қай вакцина болсын қабылдауға дайынмын. Екпені ерте алғаным өзіме жақсы. 

Күні кеше Норвегияда вакцина алған 102 қарт қайтыс болды. Бірақ бұл жағдай екпемен тікелей байланысты деуге болмайды. Өйткені егде жастағылар ковидке қарсы препаратты қабылдамай тұрып-ақ, қиналып жүрген. Қалай болғанда да, қазір мамандар осы деректің мән-жайын анықтауға кірісті.  

Қоғам вакцинаны салдыру керек пе, жоқ па деген сұрақпен бас қатырып жатқанда Италияда вирустың «нигериялық штамы» пайда болды. Сөйтіп, жұртты тағы бір дүрліктірді. Өйткені қолда бар препараттың бұл штамға қаншалықты күші жететіні әзірге белгісіз болып отыр.

Сондықтан ғалымдар қолданыстағы вакциналарды жетілдіру жолдарын іздеуге кірісті. Дегенмен, Қытай мамандары қазіргі препараттар ковидтің мутацияланған түрінен қорғай алатынын айтып отыр.