Израильде коронавирус жұқтыру дерегі қайта өршіді

Алайда қауіпті вирусты енді тек вакцина алмағандар ғана жұқтырып жүр екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет халықты екпе салуда белсенді болуға шақырып, вакцинаның қосымша мөлшерін сатып алды. COVID-19 дертінен жазылған адамдарға да екпе егіле басталды. Қазіргі кезде оны 3,5 миллион адам салдырған. Бұл жалпы халық санының 38%-і. Ал жасы 16-дан асқандар арасында бұл көрсеткіш 53%-ке жетті.

Бір ғана аурухана дерегі вакцинаның тиімділігін айқындап отыр. Бұл клиникаға түскен 300 науқастың 10-ы ғана вакцинаның бір екпесін салдырған. Ал екі рет егілгендер жоқ.

Дорон Дошницкий, дәрігер:

- Балалар арасында ауру жұқтыру жиілеп кеткенін байқадық, өйткені оларға вакцина егілмейді. Ауруханамызға негізінен жастар жатқызылатын болды, арасында ауруы асқынған науқастар да бар. Ал егде жастағылар бізге түспейді, олардың барлығы дерлік вакцина салдырған.

Үкімет бустерлік вакциналау үшін препараттың қосымша миллиондаған данасын сатып алуды шешті. Яғни қоғамдық иммунитетті күшейту үшін үшінші екпе салуды қолға алады. Бұл вирустың жаңа мутацияларынан қорғану үшін көмектесуі тиіс. Аурудан жазылғанына үш айдан аса уақыт өткен адамдарға да вакцина егу ұйғарылды. Оларға бір екпе салынады. Үкімет лақап сөздерге сенбей, вакциналаудан өтуге шақырып отыр. Әйтпесе, қайта карантин тәртібі енгізіледі.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Бізге бір бөтен зат еккізеді, «вакцина – ол у» деген жалған мәлімет таралып жүр. Бұл не сандырақ, қайдағы бөтен дене? Коронавирус бөтен дене. Вакцинасыз адамдар дүниеден озады. Екпе болмаған заманда халық жаппай аурудан қырылған. Орташа өмір сүру ұзақтығы 30-40 жыл болған. Қазір осы препараттардың арқасында өмір сүру ұзақтығы екі есе өсті.

Қазір елде біртіндеп шектеулер алына бастады. Кафе мен мейрамханаларға ашық кеңістікте жұмыс істеуге рұқсат берілді. Жасыл төлқұжат иелері ішінде де отыра алады. Дүкендер мен сауда орталықтары, кітапханалар мен театрлар ашылды.

Авторы: Сергей Ауслендер