Ұлыбританияда салық көлемі артады

Осылайша, үкімет пандемияның кесірінен шығынға батқан бюджет қоржынын қампайтпақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біріккен Корольдік қаржы министрі Риши Сунак парламентте бюджет жоспарын және коронадағдарыс жағдайындағы экономиканы қолдауға бағытталған шаралар кешенін жария етті.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ұлыбритания экономикасын дағдарыстан құтқару үшін 65 млрд стерлинг фунты керек. Қаржы министрі Риши Сунак осылай деп мәлімдеді. Ол үшін ірі бизнеске салынатын салық көлемін көбейту жоспарланып отыр. Екі жылдан кейін Корольдіктегі корпоративті салық 19%-тен 25%-ке дейін өседі. Жылдық табысы 50 мың фунттан аспайтын компаниялар бұрынғы мөлшерлеме бойынша төлей береді. Ал жылына 250 мың фунттан жоғары табыс табатын мекемелер кірісінің 25%-ін салық ретінде төлеуі тиіс. Қарапайым азаматтарға келер болсақ, олар алдағы бес жыл ішінде табыс салығын, ұлттық сақтандыру және қосымша құн салығын бұрынғыша төлейді. Ал егер қызметкерлердің жалақысы жылына 50 мың фунттан асса, салығы да еселене түседі.

Риши Сунак, Ұлыбритания қаржы министрі:

- Жауапкершілік бойынша басқарманың есебіне сүйенсек, пандемияға дейінгі деңгейге келер жылдың ортасында ораламыз. Бұл біз болжағаннан 6 айға ерте. Біз әлі-ақ оңалып кетеміз. Бұл бюджет қазіргі жағдайға бейімдеп жасалған және жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Үкімет пандемия кезінде бизнеске 100 млрд фунт көлемінде қолдау көрсетті. «Енді компаниялар өз кезегінде ел еңсесін көтеруге үлесін қосуы керек», - дейді министрлік. Лейборшылар партиясындағылар болса бұл ұсыныстарды қаржылық қиындықтардан құтқармайтын уақытша шешім деп есептейді. Оппозиция өкілдері бюджеттің кем-кетігін түзеуге коронадағдарыстан есін жия қоймаған кәсіпкерлердің шамасы жетпейтіндігін айтады. «Жаңа бастама инвестицияның келуіне кедергі болып, Ұлыбритания экономикасының жалпы дамуына бөгет болады», - дейді олар. Айта кетейік, пандемия кезінде ел экономикасы соңғы 300 жылда болмаған рецессияны бастан кешірді. Бюджеттік жауапкершілік бойынша басқарманың есебінше, бес жылдан кейін Біріккен Корольдіктің ішкі жалпы өнім көлемі 3%-ке төмен болады.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы