Қырғызстанда азық-түлік қымбаттады

Қырғызстанда карантин режимі енгізілгеннен бері азық-түлік бағасы шарықтап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік маңызы бар тауар құны күн сайын қымбаттап барады. Ал жауапты мекеме өкілдері бағаны тұрақтандыру үшін барын салмақ. Кәсіпкерлердің заңсыз әрекеттері қатаң бақыланады.

Бүкіл әлемді жайлаған коронавирус індеті Қырғызстан экономикасына кері әсерін тигізгені сөзсіз. Тек соңғы бірнеше айда күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы 15-54 процентке дейін өсті. Қарапайым халық арасында сұранысы жоғары жұмыртқа, картоп, күнбағыс майы, қант күрт қымбаттаған.

Шухрат Сабиров, ҚР монополияға қарсы агенттігінің директоры:

- Біздің экономикамыз импортқа тәуелді. Жұмыртқа, ұн, май сынды әлеуметтік маңызы бар тауарларды Ресей мен Қазақстаннан алып келуге мәжбүрміз. Сол себептен баға шарықтап барады.

Елде ет бағасы да едәуір қымбаттады. Қазір оның бөлшек саудадағы бір келісі 450 сом тұрады. Бұл шамамен 2300 теңгеге тең. Еске салайық, былтыр үкімет төрт түлікті экспортқа шығаруға тыйым салған болатын. Мараторий жарияланғаннан бері, ет бағасы өсе бастады.

Ленара Ниязбекова, «Қырғызленд» экспорт және импорт қауымдастығының төрағасы:

– Экспортқа тыйым салған заң асығыс қабылдаған әрі шаруалардың пікірімен санаспаған. Салдарынан басқа елдермен орнатылған сауда-экономикалық қатынасымызға залал келтірілді. Енді малды сыртқа шығара алмай отырмыз. Кәсіпкерлер өз шығындарын өтеу үшін ет бағасын көтеруге мәжбүр.

Статистикаға үңілсек, май бағасы 62, ал қант құны 50 процентке көтерілген. Ел Үкіметі бағаны тұрақтандыру үшін арнайы жоспар құрып, бірқатар шараны жүзеге асырмақ.

Әнел Еділқызы, Бақыт Чермашев