Латын Америкасы мен Кариб аймағы елдерінде дағдарыс күшейіп барады

Себебі коронавирус індетінің кесірінен теңсіздік пен кедейлік тереңдеп, тұрғындарды медициналық және әлеуметтік жағынан қорғау жетіспей жатыр.

Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Экономикалық комиссия жариялаған есепте айтылған. Негізі зерттеу соңғы 5 жылдағы жағдай бойынша жүргізілген. Ковид-19 соңғы 1 жылда халықты барынан айырып, жоқшылыққа ұрындырып, әбден діңкелеткен. Кедейшілік 8 проценттен бірден 30,5 процентке артқан. Өмір сүру деңгейі нашарлаған соң өлім-жітім де көбейген.

Арисиа Барсена, БҰҰ Латын Америкасы мен Кариб аймағы бойынша экономикалық комиссиясының басшысы:

- 2020 жылы 491 миллион латын америкалық әрең жан бағып, мұқтаждықта өмір сүргенін зерттеп білдік. Бұл кедейлік шегінен 3 есе төмен. Яғни әр 10 латын америкалықтың 8-інің күнкөрісі өте нашар деген сөз. Сондай-ақ вакциналау науқаны да сын көтермейді. Жағдай жақсармаса, Латын Америкасы мен Кариб аймағына жататын елдер 2021 жылы ұжымдық иммунитетті қалыптастыра алмайды. Сондықтан халықаралық қауымдастық тарапынан қолдау ауадай қажет.