COVID-19 әлеуметтік және гендерлік теңсіздікті ушықтырды ма?

Коронавирус салдарынан туындаған экономикалық дағдарыстан ер адамдарға қарағанда әйелдер қатты зардап шегіп отыр.

PricewaterhouseCoopers халықаралық компаниялар желісінің жүргізген зерттеуінің нәтижесі осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар нәзік жандылар арасындағы жұмыссыздық деңгейі күрт артқанын айтады.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Мамандардың зерттеуі Экономикалық ынтымақтастық дәне даму ұйымының құрамына кіретін 33 елдің деректеріне негізделіп жасалған. Пандемия кезінде әйелдер арасында жұмыссыздық артқан. Себебі індеттен қатты зардап шеккен салаларда ерлерден гөрі нәзік жандылар көп еңбек ететін көрінеді. Гендердік теңсіздік мәселесі Еуропада қатты байқалады. Бұл Африка құрлығы үшін де өзекті проблемаға айналып барады.

Матшидисо Моэти, ДДСҰ Африка бойынша аймақтық бюросының директоры:

- COVID-19 экономиканың аса маңызды секторларындағы гендерлік теңсіздікті ушықтырып жіберді. Өйткені негізінен әйелдер еңбек ететін салалар коронавирус кесірінен дағдарысқа тап болды. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы түрлі елдердің билігімен осы мәселеге көңіл бөліп отыр.

Ал, Латын Америкасында коронавирус кесірінен әлеуметтік теңсіздік мәселесі өршіп барады. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Экономикалық комиссия жариялаған есепте айтылған. Негізі зерттеу соңғы 5 жылдағы жағдай бойынша жүргізілген. COVID-19 соңғы бр жылда халықты барынан айырып, жоқшылыққа ұрындырып, әбден діңкелеткен. Кедейшілік 8%-тен 30,5%-ке артқан. Өмір сүру деңгейі нашарлаған соң өлім-жітім де көбейген.

Арисиа Барсена, БҰҰ Латын Америкасы мен Кәріб аймағы бойынша экономикалық комиссиясының басшысы:

- 2020 жылы 491 миллион латынамерикалық әрең жан бағып, мұқтаждықта өмір сүргенін зерттеп білдік. Бұл кедейлік шегінен 3 есе төмен. Яғни әр 10 латынамерикалықтың 8-інің күнкөрісі өте нашар деген сөз. Сондай-ақ вакциналау науқаны да сын көтермейді. Жағдай жақсармаса, Латын Америкасы мен Кәріб теңізі аймағының елдері 2021 жылы ұжымдық иммунитет қалыптастыра алмайды. Сондықтан халықаралық қауымдастықтан қолдау ауадай қажет.

Коронавирустың экономикалық салдары Еуропада да қатты байқалып отыр. Қазір еңбекпен қамту бағдарламаларына қарамастан Кәрі құрлықта 13 миллион 700 мың адам екі қолға бір күрек таппай жүр. Былтыр бұл сан шамамен 2 миллионға аз болған. Сарапшылар «сұмдықтың бәрі әлі алда» дейді. Мәселен, Франция мен Италияда жұмыссыздық деңгейі тек келесі жылы ғана ең жоғарғы шегіне жетеді деген болжам бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша шектеу шараларының салдарынан Еуропа экономикасы 6,8%-ке қысқарған. Экономикалық белсенділіктің баяулауы 2021 жылдың алғашқы жартысында да жалғасады деген болжам бар.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева