Нью-Йоркте кинотеатрлар қайта ашылды

Бір жылға жуық кино көруді аңсаған Нью-Йорк халқы енді кинотеатрларға бара алады.

Жергілікті билік олардың жұмыс істеуіне рұқсат берді. АҚШ-тың ең үлкен кинотеатрлер желісі саналатын AMC кинокомпаниясының қала бойынша 13 кинотеатры алғашқы сеанстарын ұсынды. Әзірше 25 процент көрермен жинай алады. Талап сондай. Демек әрбір залда адам саны елуден аспауы керек. Сонымен қатар келушілердің маска тағып, әлеуметтік арақашықтық сақтауы жіті бақылануда. Штат губернаторы Эндрю Куомо алдағы уақытта көрерменнің сыйымдылығын 25 проценттен 50 процентке дейін көтеру мүмкін екенін мәлімдеді. Қалың көрерменге жол тартқан жаңа туындылардың арасында голливудтық блокбастерлер мен көптен күткен премьералар да бар.

Алекс, Нью-Йорк қаласының тұрғыны:

– Киноны да сағынады екенсің. Қайта ашылғанына өте қуаныштымыз. Бұл жаңалықты ести сала бірден жақын жердегі кинотеатрға жүгірдім. Көптен көргім келіп жүрген фильм бар еді. Алғашқы сеанстардың біріне билет алдым. Дән ризамын.    

Нью-Йорк қаласының тұрғыны:

– Күндізгі уақыт екенін де ескерген жоқпыз, кино көруді жөн көрдік. Бір қызығы, алдын ала белгіленген орындарға отыру керек екенбіз. Несі бар, оған да көндік. Кинотеатр әкімшілігі көрермендердің арасында екі бос орынның қалуын қадағалайды екен. Естуімше, залдың ішінде тамақ ішуге болмайды. Ол жағы өкінішті әрине. Дегенмен осының өзі жарап тұр.